Басты жаңалықтар

Президент қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

Ораза айы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді, деді президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

"Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл", - деп атап өтті президент.

 

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді, деп толықтырды президент.

Оның пікірінше, дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады.

"Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.