"Қайдан шықты?" Бектенов министрдің баяндамасынан "артық" 2 зауытты байқады
Ерлан Нысанбаев күн сайын жоба талқыланып, ақпараттар толықтырылып жатқанын айтты.
Премьер-министр Олжас Бектенов экология министрі Ерлан Нысанбаевтың баяндамасынан қоқыс өңдейтін екі "артық" зауытты байқады. Ол бүгін үкімет отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі туралы ақпарат берген еді.
"Бұған дейін берілген ақпарат бойынша, 35 зауыт салынады. Есепте 37 жаңа зауыт салынады дедіңіз. Тағы 2 жаңа зауыт қайдан шықты?" – деп сұрады Бектенов Нысанбаевтан.
Бұдан кейін премьер-министр әңгіме нақты жүзеге асырылатын жобалар туралы ма, деп сұрады. Нысанбаевтың айтуынша, бұл жобаларға қатысты мәселелер күн сайын уәкілетті органдармен талқыланады.
Үкімет басшысы бұл мәселені бақылауда ұстауға уәде беріп, министрден нақты деректер беруді талап етті.