Қоғам

"Азғындар өзгермейді": мәжіліс депутаты педофилдерге қатысты ұсыныс жасады

Өйткені бұл азғындар, айуандар ешқашан өзгермейді – Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балаларға азғындық істегендерді өмір бойы бақылауда ұстауды ұсынды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.

"Бірнеше апта бұрын біз өте маңызды заңды қабылдадық. Ол – педофилдерді өмір бойы бас бостандығанын айыру. Енді олар өмір бойы түрмеде отыруы керек. Бірақ бұл норма мұның алдында сотталған педофилдерге қатысты болмайды. Демек алдында сотталғандар бостандыққа шыға береді. Сондықтан біз заңға «Енді бостандыққа шығатын педофилдерге әкімшілік қадағалау немесе пробациялық бақылауды енгізу керек» деген норманы ұсындық", - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.

Аймағамбетовтің пікірінше педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстап отыру шарт. Сондай-ақ олар жайлы ақпараттарды да сақтап қою керек.

"Тіпті, олар қайда жұмыс істейді, қай жерде тұрады, керек болса, картаға шығарып қою қажет. Өйткені бұл азғындар, айуандар ешқашан өзгермейді. Оны мен айтып отырған жоқпын. Бізге оны ғылым көрсетіп отыр. Бұл түзету неге қолданылмады?", - деді ол.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев болса, бұл мәселенің расында маңызды екенін, қайта қарауға дайын екенін жеткізді.