"Саусағымен": алматылық келіншек әкесінің бойдақ інісі қалай зорлағанын айтты
Келіншек: «Қорықтым. Өйткені әкем саусағымен түртпеген бізді».
Отбасында 3 ағайынды екенін айтқан ол әкесі мен анасының жақсы адамдар екенінен бастаған хатын. Бақытты балалық шағы болғанын, ешқандай жоқшылық көрмегенін айтып жалғастырды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
"Отбасымыз ауқатты болмаса да, жақсы өмір сүрдік. Әкемнен кейінгі інісі бар. Мінезі нашар, бала кезімізде ол кісіден қорқып өстік. Ұрысатын, тіпті шапалақпен ұрып жіберетін.
Менің мінезім тұйық, ашық жарқын ешкіммен сөйлесе алмаймын. Әкем мені қатты жақсы көреді, әлі де солай. Мен де қатты жақсы көремін әкемді.
Ата-анам бөлек тұрды. Әкемнің жұмысына байланысты. Ата мен әженің қолында келін болмағандықтан 5-сыныпта мені атам мен әжемнің қолына берді. Оған дейін ағам болған, ағам ата мен әженің баласы болды, Ол 6-сынып бітіріп, түрік лицейіне түсіп кетті. Сол себепті мен ата мен әженің қолына өттім. Үй шаруасына көмектесу үшін», - деген ол әңгімені әкесінің інісіне бұрды.
«Әкемнің інісі үйленбеген ол кезде, жұмысы тұрақсыз, бұзық мінезді болды. Бірде бір туыстың үйінде жұмыс жасайды, бірде басқа туыстың үйінде жатып жұмыс жасайтын болды. Бір күні атамның үйіне келді жұмыссыз қалып. 6-сыныптамын. Мен ол кісіден қатты қорқатынмын. Өлердей қорқамын. Кешкі ас ішіп болып, атам мен әжем әдеттегідей теледидар көру үшін басқа бөлмеге кетті. Ол ас үйдің жанындағы бөлмеде жатты. Мен шай орнын жинап жүрдім. Бір кезде мені шақырды. Қорқып қасына бардым. Мені құшақтап сүйді, ернімнен сүймекші болды. Мен итеріп жібердім. Жылап кетіп қалдым. Әжеме айта алмадым. Бала күнімде қатты ұрып жіберген жаңағы көкем. Содан кейін тағы ұра ма деп қорықтым. Неге екенін білмейм, ұрғаннан қатты қорқамын. Тілім байланып қалады. Әкем саусағымен де нұқымаған, әй деп даусын да көтермеген бізге. Бірақ қатал болды. Айтқанын екі етпейміз. Әкеміз айтты, демек ол заң бізге.
Сол кештен кейін басталды. Атамның үйіне келген сайын тиіседі. Біреуге айтсаң ұрамын деп қорқытады. Үйде адамдар болса қораға апарып тиіседі. Мен жылап тұрамын, ол тиісіп жатқанда.
Әлі есімде сол түн… Папамның туған бөлесі үйленіп, үйдегілер барлығы басқа ауылға тойға кететін болды.
Біз ол кезде қалада тұрамыз. Бірыңғай бала шаға қалдық үйде. Папамның әпкесінің үйінде қалдық. Жаңағы кісі ғана тойға бармады. Кешке жақын ол әпкемнің үйіне келіп мені алып кетті, тамақ істеп береді деп. Менің әкем мен анамның үйіне алып кетті. Мен 8-сыныпта оқимын. Сол түні таң атпайтын шығар дедім. Бар істерін істеп алып, ұйқыға кетті. Мен басқа бөлмеде жылап отырдым. Таңертең ағама алып кетші дедім. Жыладым ағама. Ол түсінгендей болды. Кешке жақын тойға кеткендер келді. Олар келгенде мен бақырып жыладым. "Көке тиісті, көке тиісті" дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Мамам жылады, папам жоқ болатын. Жаңағы әкемнің әпкесі, "құрсын оған айтпаңдар, ол білсе өлтіреді" деді. Білмеймін, сомен айтпады ешкім әкеме. Есімде жоқ әрі қарай не болғаны, ұмытып қалыппын. Одан кейін әкем мен анам басқа үлкен қалаға көшетін болды. Мені әжем әкеме қайтарды. "Өздеріңде болсын, сендерді сағынады" деп. Сол кезде қатты қуандым. Ол кісіні енді көрмеймін деп.
Үлкен қалада 9 бітіріп колледжге түстім, оны бітірдім, жұмыс істедім. Бір жігітпен жүрдім. Қатты ұнаттым, жақын болдық. Ол қыз емессің деп тастап кетті. Одан кейін жеңіл жүріске салындым. Аяғым ауырлады, ата-анам біліп қалды. Әкем қатты көңілі қалды менен. Жігіт алмаймын деді, қыз емес болатын деп. Әкеме қызы туралы ондай сөздер есту. Баланы алдырт деді. Сөйтіп дел сал болып жүргенде, қазіргі жолдасыма жолықтым.
Ол алып қашты. Қыз емеспін деп айта алмадым оған. Айта алмадым. Бетіме басты. Ештеңе айта алмадым.
Аллаға шүкір, қазір 5 баланың анасымын. Бақытты сияқтымын. Бақытсызбын дейін десем, менен де күні сорақы жандар қаншама. Сондықтан шүкіршілік етемін осы күніме. Қыздарымның басына бермесе екен деп тілеймін Алладан.
Жолдасым әлі күнге дейн бетіме басады. Ішкенде неше түрлі сөздер айтады. Шыдап жүрмін. Айтайын десем тамағымнан шықпайды. Комок боп тұрып қалады. Ешкімге айта алмаймын. Ана туыс сымақ ағаммен әлі араласамын. Анда санда көріп тұрамын. Алла жазаңды берсін деймін ішімнен.
Әзер жаздым жылап отырып. Сізге жазып бір жеңілдегендей болдым", - деп жазылған Ләззат Ракиешеваның Instagram парақшасында.