"Псих боп кетті": жер сілкінісінен қорқып қалған алматылықтар көліктеріне төсек қойып, моншаға бармай жүр
Алматыдағы жер сілкінісінен кейін кейбір кісілердің өзгере бастағанын айтқан Назгүл Қожабек, өзінің де оғаш қылықтарын байқай бастаған.
Әлеуметтік желідегі парақшасында үнемі желі қолданушыларын сауатты жазуға үндеп отыратын филолог Назгүл Қожабек жер сілкінісінен кейін елдің үрейі әлі басылмағанын айтады, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Тіпті Қожабектің өзінің түсіне жер сілкінісі ене бастапты.
"Бүгін түсімде қатты жер сілкініпті. Кәдімгідей, қабырғалар теңселіп, шайқалып кетті. Бір кезде үйіміз жылжып, сырғып барып, кәдімгідей "жүріп" кетті. "Ойбай, мынадан шығып үлгерейік" деп жанталасып жатып оянып кеттім", – дейді ол Facebook-парақшасындағы жазбасында.
Сондай-ақ бұл жағдайдан кейін кейбірінің ментал жағдайы да нашарлай бастапты.
"Жер сілкінгелі талай адам псих болып кетті. Өзімнің жанымда да бар сондайлар. Түнде киініп жататындар, мәшинесінің жүксалғышына көрпе, қалың киім, құрғақ тамақ, анау-мынау зат салып жүретіндер, кеш болса үйінінен шықпайтындар, қаладан бір күнге болса да басқа жаққа кетуге қорқатындар, тіпті "мен моншада жатқанда жер сілкінсе қайтем, бала-шағама жете алмай қалам ғой" деп, моншаға бармай кеткендер...
Өз басым, дәл осындай кезеңді бала кезімде басымнан өткеріп алған соң, аса алаңдап жүрген жоқпын. 1993–94 жылдары буфеттегі кеселер сыңғырлап, люстра шайқалғанына қарап отыра беретінбіз. Қайбір кездері түнделетіп далада жүргеніміз болды. Одеялға оранып алып жүрген көршілер, бесінші қабатта тұратын ұйғыр ағаның Жигулиіне кезек кіріп жылынып жүретініміз есімде қалыпты.
Өткенде жер сілкінгенде, дәл сол сәтте босанып жатқан әйел болса қайтер еді деп ойландым. Дәл бала шығып келе жатқан кезде дүңк ете қалса... ", – деп жазды ол.
Айта кетейік, бүгін таңертең Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді.