"Сауабы мол": Тоқаев кәсіпкерлерді мешіттен бөлек, мектеп пен аурухана салуға шақырды
Президент: мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде бизнес өкілдерін барлық салада белсенді болуға шақырды. Президент кәсіпкерлерге жеке қаржысына мешіттен бөлек, жаңа мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысан тұрғызу да маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда елге жанашыр іскер азаматтар аз емес.
"Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді", - дейді ол.
Осы тұста президент өз қаржысына мешіт тұрғызған кәсіпкерлерге ендігі кезекте мектеп, аурухана сынды нысандарды салу маңызды екенін айтты. "Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ.
Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық. Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек.
Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады", - деді мемлекет басшысы.