Жазушы Бану Дәулетбаева: гербті ауыстырғанша, мақта-мата өңдейтін комбинат ашайықшы
Жазушы: сол қаржыға ең құрығанда өзіміздің бір майлығымызды шығарайықшы...
Жазушы әрі журналист Бану Дәулетбаева елтаңбаны ауыстыру жайлы ұсынысқа өз пікірін білдірді. Оның сөзінше оған (елтаңбаны ауыстыруға) жұмсалатын қыруар қаржыны тиімді бағытқа аудару керек. Мысалы, ретінде редактор отандық өнімдер жайлы айтқан. Адам өміріне қажеттінің барлығы өз елінде жасалатын Оңтүстік Кореяның өндірісін тілге тиек еткен жазушы сол елде қонақта болып, "не деген бақытты ел" деп жылағысы келгенін айтты.
"Герб ауыстырмай тұра тұрып, бір-ақ тал мақта-мата өңдейтін комбинат ашайықшы.
Қол сүртетін сүлгіміз болсыншы, ең болмаса, өтініш. Оңтүстік Кореяда болғанда ”не деген бақытты ел” деп жылағым келді. Мейрамханадағы қасықта, кіріп келгенде төселіп тұрған “welcome “ деген кілемшеде, лифт құрылғыларында, теледидарында, көрпе-төсегінде, кофесінде, шайында, микротолқынды пешінде, шамдарында, киімінде, гәлөшінде, кір жуғыш ұнтағында, кір жуғыш мәшинесінде, - бәрінде- “Кореяда жасалған” деп жазылып тұрады. Мәшинесін айтпай-ақ қояйын.
Ең болмаса Нарынқолдың кәртүшкесінен чипсы жасайықшы. Шымкенттің мақтасынан киім тігейікші. Кегендегі малдың етін жеп, терісін лақтырып жатыр, тері өңдеп, сумка, етік тігейікші. Бүгін ертең Ұлттық киім күні деп базардан камзол іздегем. Қырғыздар “маңқа қазаққа осы да болады” дей ме, қорқынышты бірдеңелерді қаптатып қойыпты. Ананы кисең, өзіңді диван сезінесің.
Ұлттық киім жоқ, Ұлттық киім күні қалай болады? Жекелеген дизайнерлер тігетін бар, бірақ сапалысы 200 мыңнан басталады, сапасызы оюды бас-көз жоқ сала берген бірдеңе. Өтініш! Дәп осы герб ауыстыруға кеткен ақшаны көрпе-жастық тігуге бөлейікші",-деп ойын аяқтаған жазушы Бану Дәулетбаева.