Астанада 6 жасар баланы өлімнен құтқарғандар марапатталды
Абайсызда суға тұншыға жаздаған баланы бірнеше жеткіншек жағаға шығарып алған
Төтенше жағдайлар бойынша комитет төрағасы Владимир Беккер Астанада баланы судан құтқарып алған бейбіт күннің батырларын алғыс хатпен марапаттады, деп хабарлайды аталмыш комитеттің баспасөз қызметі. 2 шілде күні кешқұрым оқыс оқиғаға куә болған азаматтар суға кете жаздаған баланы өлімнен құтқарып алған болатын. Владимир Беккер оқыс оқиға кезінде ерлік танытқандарға, сонымен бірге Ангелина мен Тимурдың ата-аналарына алғысын айтты. «Дәл сол күні сағат шамамен 21:00 кезінде 17 жастағы екінші курстың студенті Ангелина Дәрменбаева сіңілісімен бірге Ақбұлақ ауданының маңындағы жағалауда - «Қазақстан» спорт кешеніне жақын жердегі балалар алаңында қыдырып жүрген. Оның жанында самокат тепкен жас балалар бар еді. Сол сәттердің бірінде ата-анасының назарынан тыс қалған 6 жасар ұл бала өзен мен жағаның арасындағы қоршаудан қарғып өтіп, суға түсіп кеткен», - делінген хабарламада. Жүзуді білмейтін жас бала суға тұншыға бастайды. Көмек сұрап айқайлаған баланы байқаған Ангелина суға қарай жүгірген. «Жылдам суға түскен Ангелина баланы шап беріп, суға кету қаупінен аман алып қалады. Осыдан кейін көмекке келген басқа да жас жігіттер 6 жасар баланы судан алып шыққан. Оның ерлікке пара-пар әрекеті мен жылдам қимылының арқасында жас бала аман қалды», - делінген комитеттің хабарламасында. Ангелинамен бірге баланы судан алып шыққан жігіт - 19 жастағы студент Тимур Насибуллин болып шықты. Ол өтіп бара суда баланы құтқаруға әрекеттеніп жатқан Ангелинаны көріп, суға түсіп баланы жағаға алып шыққан. Олармен бірге Арман Смағұлов атты тағы бір жігіт баланы жағаға жеткізуге көмектескен. Еске сала кетсек, бұдан бес күн бұрын Астана тұрғыны Есіл өзеніне батып бара жатқан баланың өмірін сақтап қалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Сол кезде ТЖ бойынша комитеті баланы судан құтқарған азаматты іздестіріп жатқан еді.