"Биология" пәнінде вейп пен есірткінің зияны туралы айтылатын болады
"Биология" пәнінде темекі мен есірткінің адам денсаулығына кері әсер ететіні айтылмақ.
Енді мектеп оқушылары вейп пен психоактивті заттардың зияны туралы сабақ өтетін болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, бағдарламада балаларды жаман әдеттерден аулақ үстауға арналған бағдарлама енгізілдеді. "Мысалы, "Биология" пәнінде темекі мен есірткінің адам денсаулығына кері әсер ететіні, "Дүниетану" және "Жаратылыстану" пәндеріне "Салауатты өмір салты" туралы тақырыптар қамтылады. Білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы жоспарында полицейлер мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен оқушылар арасында түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды жүргізу шаралары қарастырылған. Бұндай жұмыстарға 90 мың маман, 8 мыңнан астам педагог психолог, 4 мыңнан астам педагог жұмылдырылды", — деді Еділ Оспан. Ол білім беру бағдарламасы жоспарында психоактивті заттар мен вейптің зияны туралы шаралар қамтылғанын, осы тақырыпта 3 мыңнан астам іс-шара өткізілгенін айтты.
"Денсаулықты нығайту мектебі" жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Жоба мақсаты – оқушылардың денсаулығын жақсартып, зиянды әдеттерден қорғау. Соған байланысты балалар, ата-аналар, мектеп әкімшілігінің қатысуымен іс-шаралар жүргізілуде", - деді вице-министр.