Шымкентте бұрынғы әйелін пышақтап, кепілге алған ер адам ұсталды
Ол арнайы жасаққа талап қойы, пышақты өзіне де бірнеше рет сұққан.
Шымкентте бұрынғы әйелін кепілге алып қарулы күйде арнайы жасақтан қашқан азамат ұсталды. Қызылорда облысының 34 жастағы тұрғыны үш жыл бұрын ажырасып кеткен әйелін Сайрам ауданынан алып қашқан. Оны тәртіп сақшылары мен арнайы жасақ Шымкентте қуып жетті. Тіпті күдіктіні ұстау үшін жарықпен дыбыс шығарғыш граната қолдануға тура келді. Ал қашқын 31 жастағы келіншегін тамағынан жаралап үлгерген.
Сайрам ауданынан қашқан күдікті Шымкенттегі Асар ықшамауданына жеткенде ұсталды. Шевроле көлігін арнайы жасақ №89 мектептің алдында әзер тоқтатты. Онда да жүйткіген көлікке бірнеше мәрте шулы граната -лақтырған. Осыдан кейін қашқын жол жиегінде тұрған БМВ көлігіне соғылып бір-ақ тоқтаған.
"Сондай граната атылды. Мына жерде осы атылды. Ары қарай жүріп, ана жерге тоқтады. Сол жерде ұсталды. Ішінен екі адам түсті. Әйел рульден түсті, оң жағынан еркек кісі түсті. Әйелде де, еркекте де жарақат болды, қан көрдім, әйелдің мойнынан. Еркектің басынан, денесінен көрдім",-дейді Азат Келдібаев.
Мойнынан жарақат алып, миы шайқалған әйел Сайрам ауданының ауруханасына жеткізілді. Қазір оған ем-дом жасалынып, психологиялық көмек көрсетілуде. Ал ұстау операциясы кезінде оқ тиіп әрі өзінің қарнын тіліп тастаған 34 жастағы азаматты арнайы жасақ өкілдерімен бірге жедел жәрдем көлігі қалаға жақын Асар балалар ауруханасына жеткізді. Шұғыл ота жасалған күдікті қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
"Түскен кезде сол санында оқтан жарақат бар, тесілген. Іш қуысында ашық жарақат. Ішкі ағзалары сыртқа шығып кеткен. Іш майы. Ішектері тесілген,ол тігілді. тесілген ішектері тігілді. Ішкі ағзалары тазаланып, ота жасалынды",-дейді Шымкент балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.
Ал күдіктіні тәртіп сақшылары палата сыртында тәулік бойы күзетіп тұр. Белгілісі, Қызылорда облысының тұрғыны үш жыл бұрын ажырасып кеткен әйеліне келген. Сөйтіп оны өлтіремін деп пышақпен қорқытып, көлігіне отырғызып әкетіпті. Келіншектің жақындары полицияға дереу хабарласқан соң, Арлан арнайы жасағы ойынқұмар еркектің ізіне түскен.
"Күдікті жәбірленушімен бұрын некеде болған, үш баласы бар. 2021 жылы ажырасқан. Күдікті бұрын екі рет сотталған, Лудоманиямен ауырады. Қамауға алынды",-деді Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов.
Қазір балалар ауруханасында жатқан 34 жастағы қызылордалық қашқын есін жиған соң қаладағы ауруханаға жіберіліп, толық сауыққан соң абақтыға тоғытылады. Оған қанша баппен қылмыстық іс қозғалатыны сараланып жатыр. Ал оның бұрынғы әйелі есін толық жиғаннан кейін балаларымен қауышады.