Басты жаңалықтар

Бейбіт Шүменов түрік боксшысын жеңіп, WBA белдігін иеленді

Бейбіт Шүменов пен Хизни Алтынкайға дейін 10 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, барлығы да жеңіске жеткен

Астанада бірінші ауыр салмақтағы WBA титулы үшін көптен күткен кездесу аяқталды. Қазақстандық белгілі боксшы Бейбіт Шүменов түрік спортшысы Хизни Алтынкайды жеңіп, бос тұрған WBA белдігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бірінші раундтағы 30 секундтық барлаудан кейін Шүменов бірден тактикасын өзгертіп, шабуылға басты. Алайда Хизнидің қорғанысы берік болғанын айта кету керек. Алғашқы раундтың аяқталуына бір минут қалғанда Бейбіт қарсыласының бүйірі тұсынан қақырата соғып, тізертеліп тастаған еді. Десе де, орнынан көтерілген түрік боксшысы оңай беріле қоймайтынын көрсетті. Екінші раундта Бейбіт басымдығын сақтай отырып, бүйірден соққыны жиі жасады. Алайда бұған түрік боксшысы дайын екенін байқатты. Үшінші және төртінші раундта да отандасымыздың басым екені айқын байқалған еді. Бесінші раунд келгенде Алтынкай да шабуылымен көзге түсіп, көрермендер нағыз боксты көргендей болды. Десе де, аталмыш раундта ешқандай ногдаун тіркелген жоқ. Сегізінші раундта Алтынкай бірнеше ауыр соққыларды жіберіп алды. Тоғызыншы раундта Алтынкай ногдаунға түсіп, төреші есеп ашты. Көрермендердің көз алдында Алтынкай үшін жеңістің ауылы алыстап бара жатқаны анық көрінген еді. Тоғызыншы раундтан кейін түрік боксшысының тарапы Алтынкайды келесі раундқа шығарудан бас тартты. Осылайша, Бейбіт Шүменов 10-шы раундта жеңіске жетті. Айта кетсек, Бейбіт Шүменов пен Хизни Алтынкайға дейін 10 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, барлығы да жеңіске жеткен болатын.