Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Мемлекет басшысы қала халқын құттықтап Алматыға келді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, бүгін елімізде "Ынтымақ" күні.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін атап өтіп, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.
Президент биыл елімізде 4 ауқымды жоба қолға алынатынын жеткізді Атап айтқанда, көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады, 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Сонымен қатар 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды және ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Ал жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінен кейін алаңға жиналған жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.