Спорт

Қазақстандық спортшылар семсерлесуден тұңғыш рет Олимпиадаға 4 жолдама жеңіп алды

Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Семсерлесуден Тбилисиде (Грузия) өтіп жатқан әлем кубогының шешуші кезеңінде сапы жаттығуы бойынша Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

ҚР Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, Қазақстан қоржынына Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Эльмир Әлімжанов Париж Олимпиадасының жолдамасын сыйлады.

Командалық жолдаманың арқасында 3 спортшымыз автоматты түрде жеке сайыста да Олимпиада жүлдесіне таласа алады.

Бұған Оңтүстік Корея спортшыларының 1/8 финалда Чехиядан жеңілуі себеп болды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпы рейтингте ТОП-4 мемлекеттің қатарына кірді.

Бұған дейінгі Олимпиададағы көрсеткішіміз:

1996 жыл. 1/16 финал. Вячеслав Григорьев

2012 жыл. 1/16 финал. Дмитрий Алексанин

2012 жыл. 1/8 финал. Эльмир Әлімжанов

2016 жыл. 1/16 финал. Илья Мокрецов.

Айта кетелік, Грузиядағы әлем кубогы кезеңінде семсерлесуден Қазақстан командасы Азия құрлығындағы жалғыз жолдамаға таласты. Әлемдік ұйым қағидасы бойынша, олимпиадалық рейтингте алғашқы төрт орында тұрған командалар автоматты түрде жазғы ойындарға қатысады. Ал қалған құрамалары құрлыққа бөлінетін бір жолдаманы сарапқа салды.