"Қатерлі ісік деді": Дина Төлепберген "Астарлы ақиқаттан" не үшін кеткенін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 наурыз, 2024
- 5.6k
Белгілі журналист, продюсер Дина Төлепберген отбасындағы қиындықтар жайлы “Мамский әңгіме” подкастына ашып айтты, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Тележүргізуші бағдарламада 13 жыл бойы үзбей жүргізген «Астарлы ақиқат» жобасын неге басқа адамға беруге тура келгені жайлы баяндады. Себебін ол 2 жыл бұрын 8 жастағы ұлының басына келген "тромбоцитопеническая пурпура" деген диагнозымен байланыстырды.
“Баланың мұрны қанай бастады. Біз дәл сол мезетте үйімізді сатып, басқа жаққа көшкен едік. Сол себепті бала мектебін ауыстырды. Жаңа орта, жаңа достар болғандықтан мұрнының жиі қанауын күйзелістен, үйренісе алмауынан деп ойладым да, онша мән бермей жүре бердім. Бірақ қан ағуы жиілеп кетті, күнде мұрнынан қан аға берген соң лор-дәрігеріне апардым. Ол ем-дом жазып берді. Бір күні үсті-басы біреу ұрып тастағандай көгеріп кетті. Артынша мұрнынан қан тоқтамай, саулап ағып, ештеңе істей алмай қалдық", – деді журналист.
Ұлдарын жедел жәрдеммен жан сақтау бөліміне жатқызғанын айтқан ол сол кезде ақ халаттылардан оның онкология болуы мүмкін екенін естіпті. Көп кешікпей, нақты диагноз да қойылған екен. Осы оқиғадан кейін Дина өмірінің қатты өзгергенін, бағдарлама жүргізіп тұрып, бар ойы баласына ауып кететінін жасырмады.
“Уақтылы дәрісін ішті ме екен, тамағын жеді ме, не істеп жатыр екен деп алаңдаумен болдым. Бір жыл бойы үйде оқшаулап ұстап, үйде емдеуге тура келді. Мұның бәрі жүйкеге салмақ. Дәрігерлер бұл аурудың нақты себебін айта алмады, "аллергиядан шығар" деді. Ал психосоматиктер "баланың өмірі көңілсіз, қуанышы аз" деп айтты. Ойлашы, 8 жастағы баланың өмірінде қуанышы аз боп, үнемі көңілсіз жүргендіктен осындай ауруға шалдықты деді. Ал менің тұжырымым бойынша, балам менің бойымдағы ауыртпалықты, менің көңіл-күйімді өзіне "тартып" алатындай көрінді. Себебі "Астарлы ақиқатты" жүргізу оңай емес, күніне жүздеген адам өз проблемасын айтып келеді, артынан жылайды. Оны тыңдап, өзіңнен өткізесің. Бағдарламадағы айқай-шуды тыңдап, көмектесудің жолын іздеп, шаршап, кешке бүкіл ауыртпашылығыммен үйге келіп, балаларды құшақтағанда күні бойғы жаман энергия балаларыма беріліп кететін сияқты көрінді. Яғни балам мен ауыруым керек аурумен ауырды, өзіне "сорып" алды. Оны кейін өзі де айтты. "Мама, сен жұмыстан келгенде ылғи көңілсіз боп келесің. Үйге келіп жылайсың, неге сен өзіңді ойламайсың, бізге де көңіл бөлші" деп айтты. Одан мұндай сөзді естігенде кәдімгідей ойланып қалдым. Сөйтіп таразының балам жағы басым түсті", – деді Дина Төлепберген.
Десе де әнші басына қиындық түскен жандарға қол ұшын беруді жалғастыра беретінін, ол үшін өзінің тәжірибесі жетіп артылатынын айтты.