"Қайықпен өткізіп жатырмын": Ақтөбе облысын су басып кетті
Қазір Ақтөбе аймағындағы Шұбарқұдық кентінде қауіп сейілмей тұр.
Ақтөбе облысындағы тасқынға көрші өңірден көмекке келіп жатыр Ақтөбе облысындағы тасқынға байланысты көрші өңірден көмекке құтқарушылар келетін болды. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінен 52 адамнан құралған жасақ жолға шыққан. Бұл туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК телеарна сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Ақтөбе аймағындағы Шұбарқұдық кентінде қауіп сейілмей тұр. Қырдан аққан қызыл су үйлерді басып жатыр. Ал Жаңажол газ өңдейтін зауыт пен Қотыртас ауылы арасындағы облыстық маңыздағы жолда көлік қатынасына шектеу қойылды. Бұл трассаға да еріген қар суы жиналып жатыр.
Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық кентінің тұрғындары бір сәтте көше бойына лап қойған судан аңтарылып қалды. Елдімекенге таяу Мұқантауы қырындағы қар еріп, сол Шұбарқұдық кентіне жайылған. Отыз үйдің ауласын су басып, бес үйдің ішіне кірген. Тұрғындары көшірілді. Құтқарушылар қауіп әлі сейілген жоқ деп отыр. Көмекке көрші Маңғыстаудан төтенше жағдай департаментінің жасағы келмекші. Одан бөлек, Ақтөбедегі әскери бөлімнің қызметкерлері де осында келген.
“Маңғыстау облысынан 52 адам, бес техника қазіргі таңда осы көмекке келе жатыр. Олар келген уақытта сол Темір ауданында Шұбарқұдықта жұмыс атқаратын болады. Ол жақта қазіргі су төмен түсті. Бірақ тағы да анау күн жаңбыр жаууына байланысты қауіп төне ме деп қосымша күштерді сол жаққа тартып жатырмыз”, – дейді Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.
Төтенше жағдай министрінің орынбасары да осы өңірде жүр. Ерлан Нұрпейісов таң атпай Темір ауданынан бір-ақ шықты. Қазір Байғанин, Әйтеке би мен Мұғалжар аудандарында да тасқыннан қауіп бар. Байғаниннің Қарауылкелді ауылында тоғыз үйдің ауласын су басып қалған. Ембі қаласында трассаны қазып, еріген қар суының бетін бұрды. Тасқыннан бұзылған төрт көпірді қызыл су басылғанда бірден жөндейміз дейді өңір басшысы. Бірақ тасқыннан мүлдем жол жарылмай, көпір құламау үшін қыруар ақша керек деп отыр ол.
“Бір апта ішінде қалпына келтіріледі деп күтілуде. Су деңгейі төмендесе, тиісті техника мен иннертті материал дайын тұр. Жаңағы айтылған төрт көпір мәселесі ауыл арасы, кіреберіс көпірлер. Көпір дегенде су өтетін өздері жасап алған көпір өткелдері. Жалпы биыл 1 млрд 100-ге 17 жоба жасалды. Қала емес өңірге. Толықтай су тасқынға байланысты барлық жобаларды іске асыратын болсақ онда 11 млрд талап ететін болады”, – дейді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Облыс орталығында үйлерді су алмағанымен, қаланың шетіндегі саяжайлар көлкіп тұр. Геофизик атты бау-бақша бірлестігіндегілер қайықпен кезекшілік қойған. Трассамен үйлеріне Венециядағыдай жетеді.
“Мына қайықпен көршілерге осылай өткізіп жатырмын. Әрі қарай өткізіп жіберемін. Ауламен арғы жағында екі көше бар. Бүкіл көршілер менің ауламмен өтеді. Мен өткізіп отырамын. Былай қарай кімде ұзын етігі бар. Сосын бір етігім бар, оны да көршілер менен алады”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Тұманбек Тәжіғұлов.
Мамандар бұл өңірдегі тасқынның басы ғана дейді. Себебі, өзен деңгейі енді көтеріліп, тоң да жаңа жібіп жатыр. Оған қоса алда екі күн қатарынан жаңбыр жауады екен. Құтқарушылар осыны айтып сақтандырумен жүр.