Нұрқанат Серікбаев алғашқы алтын медалін алды
Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі турнирдің финалында израильдік Ям Вольчакты жеңді.
Тбилисиде (Грузия) өткен Grand Slam турнирінде қазақстандық Нұрқанат Серікбаев өзінің алғашқы алтын медалін алды. Бұл 20 жастағы спортшының ірі жеңістерінің бірі, деп жазады Olympic.kz-ке сілтеме жасап KYN.KZ тілшісі.
"Бұл менің мұндай ірі турнирдегі алғашқы алтыным. Бүгінге дейін үздіктер қатарынан көрінсем де, еліміздің әнұранын шырқатсам деген ойым орындалмай жүрген.
Қуанышқа қарай, Тбилисиде бабым да, бағым да қатар шапты. Оның үстіне, қазақ халқының жаңа жылы - Наурыз мейрамында топ жарғаныма ерекше қуандым. Сол күнгі сезімдерді айтып жеткізу қиын.
Финалдағы қарсыласыммен бұрын-соңды ресми жарыста кездескен емеспін. Бірақ Венгрияда өткен оқу-жаттығу жиынында бір-бірімізді бақылап көрдік. Сол кезде де мен ұтқан едім.
Әрине, бұл үлкен жеңістердің бастамасы. Алда талай жарыстар күтіп тұр. Биылғы маусымда медаль алу бақыты бұйырмай жүрген. Десе де, дайындығым мен жаттығу қарқыны еш бәсеңдеген жоқ.
Осы жарыста топ жарған соң, ереже бойынша маған 1000 ұпай беріледі. Ендеше, олимпиадалық рейтингте алғашқы ондыққа жақындауы мүмкін", - деді Нұрқанат.
Айта кетелік, Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі турнирдің финалында израильдік Ям Вольчакты жеңді.