Қоғам

Ауа райы салдарынан жарықсыз қалған алматылықтарға жарық қашан берілетіні белгілі болды

Жаңбыр жауып, ағаштардың құлауы 6-10-0,4 кВ тарату желісінің жұмысын тоқтатты.

Алматыда ауа райы күрт нашарлап, электр жарығы үзілді. Медеу, Жетісу, Алатау және Наурызбай аудандарында жарық апаттық жағдайда сөндірілді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.

"Горный Гигант" шағын ауданында, "РЭС-5" қосалқы стансасында сағат 17:55-те жарық өшірілді. Ал РЭС-3 қосалқы станциясында – 17:40-та өшірілсе, Ақжар және Тастыбұлақ шағын аудандары да жарықсыз қалды.

"Жаңбыр жауып, ағаштардың құлауы 6-10-0,4 кВ тарату желісінің жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан алматылық тұрғын үйлер электр қуатынан ажыратылды. Ақжар және Тастыбұлақ шағын аудандарында жарықсыз қалды. Жарықсыз қалған басқа да аумақтарды картадан көруге болады", - делінген "Алатау Жарық Компаниясының" хабарламасында.

Сағат 18:10-да Наурызбай ауданындағы РЭС-1-де жарық өшірілген. Әйгерім-1 шағын ауданы, Сағи Әшімов, Бенберина көшелері мен Набережная көшесі де жарықсыз қалды. "Алатау Жарық Компаниясының" мәліметінше, жарық 3 сағаттан соң ғана қосылмақ.