Қоғам

Астанада биыл апатты үйлерден 4200 адам жаңа баспанаға көшіріледі

2013 жылдан бастап елордада 286 апатты үйдің тұрғындары қоныс аударды.

Елордада ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында апатты үйлерді бұзу және елорда тұрғындарын жаңа тұрғын үйге көшіру мәселесі қарастырылған. 2024 жылы 60 апатты үйдің тұрғындары 1400 пәтерге көшеді, осылайша шамамен 4200 адам тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2013 жылдан бастап елордада 286 апатты үйдің тұрғындары қоныс аударды. Осылайша 4500-ден астам отбасы жаңа абаттандырылған пәтерлерге ие болды.

Астанада 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту жобасы аясында 206 апатты үйдің тұрғындары 4 710 пәтерге көшіріледі.

Тұрғын үй қорын жаңарту тұрғын үйді және үй орналасқан жер учаскесін реквизициялау тәртібімен авариялық (ескірген) тұрғын үйді бұзу және одан азаматтарды көшіру жолымен қаланың «ескі» кварталдарын кешенді реконструкциялауды көздейді.

Жобаның шарттары бойынша авариялық үйлердің тұрғындарына құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес бөлмелер санына және адам санына қарамастан, ауданы бойынша бірдей мөлшерде (яғни «шаршы метр» - «шаршы метр»), бірақ кемінде бір бөлмелі жаңа пәтерлер беріледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін ТК жөндеу, лифтерді ауыстыру, жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй салу, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осы бағыт бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр.