Қоғам

"Кісі өлтіру дәлелденген жоқ": адвокаты сотта Бишімбаевты "кісі өлтіруші" деп атамауды талап етті

Бишімбаевтың қорғаушысы: "Оқиға болған күні" деп сөйлесеңіздер дұрыс болады.

Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бүгін сотта куәгерлер сөз алды. Сот барысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов куәгерге сұрақ қойғанда Салтанат Нүкенованың ағасы "кісі өлтіру" сөзін қолданғанына наразылық білдірді.

"Кісі өлтіргеннен кейін", "кісі өлтірген сәттен бастап" деп жиі айтылды. Кісі өлтіру әлі дәлелденген жоқ. "Көз жұмған күні" немесе "оқиға болған сәтте" деуге болады. Өйткені бұл - дұрыс емес", - деді Бишімбаевтың қорғаушысы.

Бұған жауап ретінде зардап шеккен тараптың адвокаты Жанна Уразбахова "ағасы үшін бұл қарындасын өлтіру бойынша іс, ол өз ойын осылай білдіре алады" деп жауап берген. Сондай-ақ Бишімбаевтың екінші қорғаушысы адвокаттың да "кісі өлтірді" деген сөзін қолданғанын атап өтті, оған зардап шеккен тараптың басқа өкілі Бишімбаевтың әрекеті кісі өлтіру деп танылады деп жауап берді.

Қуандық Бишімбаев ісі Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады.

Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады. 12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.

Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.