Алматыда өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша ұсынған
- автор kyn.kz
- 2 сәуір, 2024
- 4.3k
«Айыбын жуып-шаймақ болып ақша ұсынды.» Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша бермекші болған. Болған жайтқа өкінетінін айтып, кешірім сұрап келді дейді марқұмның туыстары. Бірақ олар кешірім бермейтінін айтып, кінәлі тараптан бірде-бір тиын алмаймыз деп отыр. Көлікпен үш рет таптағанымен қоймай, ес-түссіз жатқан күзетшіні тепкілеген қаскөйдің әкесінің сөзі ақша ұсынбақ түгілі, "ондай балам жоқ" дегенге саяды.
Нұрбол Қайыпбаевты үш баласы мен туған-туысы кеше ақтық сапарға шығарып салды, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қасіреттен жүрегі қансыраған ана мен жесірі марқұмды жоқтауға шамасы келмей, өзін әрең ұстап отыр. Қапыдағы өлім Нұрболдың аға-бауырларын да біраз есеңгіреткен. Олар жаназа кезінде күдіктінің туыстары ақша ұсынғанын айтты .
"Алдымыздан өтті, «кешіріңіздер» деп, бірақ кешірім болмайды дедік, сот болады. Әділ сот болғанын қалаймыз дедік. Жеңгеме «маған нөмірін бер, ақша салып жіберейін» дейді. Ондай көмек керек емес дедім, ешқандай көмек керек емес. Елдің бәрі, бүкіл Қазақстан болып жинап жатыр. «Кешірім болмайды» дедім, болды",-дейді марқұмның інісі Руслан Қайыпбаев.
Расында айыбын жуып-шаймақ боп ақша ұсынғандардың күдіктіге қандай жақындығы бары белгісіз. Өйткені оның әкесі ақша ұсынбақ түгілі, күзетшіні өлтіргенді танымаймын деп басын ала қашты. Қапыда отағасынан айырылған жары мен үш баласына ауыр соққы болды. Үлкені 14 жасқа толса, кенжесің жасы бесте. Барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Жесір қалған жарының шотына қазақстандықтар қазір көңіл айтып жапаай ақша аударып жатыр.
"Тергеудің жан-жақты әрі әділ болуы үшін барлық дәлел-дәйектерді жинап жүрміз. Осы тұрғыда жәбірленушілерге барынша көмек көрсетіп жатқан қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Қаржылай көмек бергісі келетін жандарға айтарымыз, марқұмның бауыры Руслан мен мен жұбайы Әсемге аударсаңыздар, себебі жәбірленушілердің атын жамылған алаяқтар көбейіп кетті. Абай болыңыздар",-деді қорғаушы Асылбек Әбдірайымов.
Өткен жұмада «Самал» ықшамауданында болған бұл масқара көптің жағасын ұстатқаны рас. Қанды қылмысқа екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндірмекші болыпты. Сөйтіп жол талғамайтын көлік мінген азамат күзетшіні үш рет таптап, шалажансар жатқанда да басынан тепкілеген. Қазір бұл оқиғаға қатысты аса қатыгездікпен адам өлтіру бабы бойынша іс тергеліп жатыр. Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған.
Бишімбаев: Салтанат меннен 8 емес 12 рет кетті
Ұқсас жаңалықтар
Жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті: өзгерістер енгізілді
- авторТомирис Тоныкөк
- 11 қазан, 2024