Тараздық әйел: 4 баламның әкесін қолдан өлтірген дәрігер бостандықта, өзгелерді емдеп жүр (видео)
Ғалия Алтынбайқызы: медициналық сараптама қорытындысында күйеуім дәрігердің салғырттығынан өлді деп тұр. Бірақ, тараздық құқық қорғаушылар істі сотқа жеткізбей жауып тастады.
Тараз қаласына лор маманын іздеп келіп, бас аяғы 15 минуттың ішінде дәрігердің қолынан 4 баланың әкесі қайтыс болды. Мұндай ақпаратты марқұмның әпкелері мен жұбайы хабарлап, құқықтық органнан әділдік орнатуды сұрап отыр.
Сөздерінше оқиға 2022 жылы болған. Серік Жолдыбайұлы өзі тұратын Сарыкемер ауылындағы дәрігердің нұсқауымен облыстық диагностикалық орталыққа қаралуға келген.
Сол сәтте бірден лор дәрігер Сәдуов Ерлан Сапарбекұлына қаралған. Әпкелерінің сөзінше марқұмға дәрігер "Мен маманмын, үйретпе" деп аллергиясы бар препаратты еккен. Сол сәтте "есінен танып құлаған азаматқа дәрігер өз қателігін мойындап, дереу көмек берсе, бауырымыз аман қалар ма еді ?" деп егіледі бүгінде Серік Жолдыбайұлының бауырлары мен әйелі.
KYN.KZ тілшісіне сұхбат берген Жорабекова Шыңғысгүл інісін дәрігер қолдан өлтірді деп есептейді.
"Ауылдағы дәрігер Серік Жолдыбайұлына қалаға құлағын тескертіп, құрылғыға түсіп келуін тапсырған. Құлақ барабаны жарылғанын болжаған, бірақ көз жеткізіп, емді ауылда жүргізуді жоспарлаған. Бауырым бірден лор дәрігері Ерлан Сәдуовқа кірген. Сол жерде барабаны жарылғаны анықталған. Сәдуов кеткелі тұрған науқасқа ем жүргізу керектігін айтып, тоқтатқан.
Сол сәтте Серікке дәрігер "тоқта қазір еміңді алып кетесің" деп жабысқан. Ол келінім екеуі өзінде антибиотикке аллергия барын айтқан."Мен ба бұл жерде дәрігер, сен ба? Мен 7 жыл оқығанмын. Қазір еміңді аласың, бірден шауып кетесің. Содан кейін рахмет айтып жүресің" деп екпенің пробасын жасаған. Серіктің әйелі дәріні әкеліп бергеннен кейін есік сыртында тосқан. 10 минуттай өткенде есікті ашса күйеуі жерде құлап жатқан. Айқайлап басқа дәрігерлерді шақырып, туған-туысты шақырғанша 15-20 минут өтіп кетеді. Басқа дәрігерлер не болғанын түсінбестен ауруханада отырып жедел жәрдем" шақырған",-дейді марқұмның әпкесі Шыңғысгүл.
Марқұмның туыстары дәрігер аллергиясы бар адамға антибиотик салғанын ешкімнен жасырмай, жедел жәрдемді "Синий Код" мәртебесімен шақыруы керек еді, деп күйінеді. Бірақ, Сәдуов адам ағзасына салғырттық пен қастандық жасағанымен қоймай, оны жасыруға тырысты дейді Шыңғысгүл Жорабекова.
"Ең сорақысы мұндай жағдайда дәрігерлер өз тілінде сөйлесіп, арнайы көмек шақыртулары керек еді. Сәдуов өзі жасаған салғырттығын жасырып қалуға тырысты. «Синий Код» деп арнайы жедел жәрдемді шақыртқанда олар адамның жағдайы қандай деңгейде екенін түсініп, тіпті жол полицейлерінің күзетімен жабдықталған көлік жететін еді. Біз жедел жәрдем пультіндегі операторға "адам есінен танып қалды" деп айттық. Жай ғана жедел жәрдем көлігі келді. Оларда ешқандай құрылғы болмады. Олар жабдығы бар көлікті күтіп жүргенде 40-45 минут уақыт өте шықты",-дейді марқұмның туысы.
Қайғылы жағдай болғанына 1 жыл 2 ай болған кезде ғана арнайы мдициналық сараптама қорытындысы шыққан. Оның артынша істі қараған тергеушілер 8 рет ауысыпты. Ақыр соңында іс созбаққа салынып жүріп 2 жыл уақыт өткен. Тергеп-тексеру жұмыстары созбалаңға салынғандықтан іс сотқа жетпей автоматты түрде жауылып кеткен.
Бүгінде 4 баламен жалғыз қалған Ғалия Алтынбайқызы жергілікті құқықтық орган қызметкерлері адам өлімін көре тұра істі жарты жолдан сотқа жеткізбей қайратып бергендеріне ашулы.
"Қолымызда тәуелсіз сарапшы мамандардың ұжымы (5 маман 5 өңірден келді) жасаған қорытынды бар. Ол жерде адам өлімі дәрігердің салғырттығынан деп анық жазылып тұр.Дәрігер кінәлі деп тұр. Түсінбейтінім, бұндай қорытындымен іс қалай сотқа жетпейді? Қазірге дейін 9 тергеуші ауысты. Барлық тергеушілер еш хабарсыз өздері жұмыс істейбереді. Өзім іздеп барсам бос уәделермен алдап шығарып салады. Кейіннен барып, іс жабылды деген смс келеді. Тараз қаласы бойынша барлық құқықтық саладағы лауазымды азаматтардың алдына бардым. Олар да жылы сөзбен қайтарады. Меніңше олардың барлығы істі тоқтатуды қалап отыр. Ал дәрігер өз жұмысында, ештеңе болмағандай жүр. Салғырт маман алдағы уақытта тағы басқа адамның өмірін қимауына кім кепіл бере алады?",-деп көзіне жас алды марқұмның әйелі Ғалия Алтынбайқызы.
Марқұмның туыстары жалдаған адвокат Жандос Палманов болса істің неге доғарылғанына қайран.
" Істі қолға алып, 18 рет жаңарғанын, 8-9 тергеуші айналысқанын көрдім. Қылмыстық істің тоқтатылуы заңсыз деп білемін. Медициналық сараптама, зерттеу қорытындысында марқұмның анафилактикалық шок салдарынан мерт болғаны айтылған. Біз сотты іске өткізулерін талап етеміз. Өйткені бұл жерде дәрігердің кінәсі дәлелденіп тұр",-дейді адвокат Жандос Палманов.
Ал, марқұмның туыстары сау адамды қолдан өлтірді деп айыптап отырған дәрігер Ерлан Сәдуов сол жұмыс орнында әлі де ем-домын жалғастырып жүр екен. Серік Жорабековтың бауырлары енді істі қайта көтеріп, адвокатпен барлық дәлелдерді ортаға салып, әділдік орнауын талап етіп отыр. Олар Тараз қаласындағы құқықтық сала қызметкерлеріне күмәнмен қарағандықтан Бас прокурора мен Ішкі Істер Министрінен осы істі бақылауға алуды сұрап отыр.
Бүгінде дәрігердің қолынан мерт болды деген Серік Жолдыбайұлының артында 4 баласы мен жесірі қалған. Жалғызбасты ана үлкені 19 жаста, кішісі 4 жасар балаларды өзі асырап отыр.
KYN.KZ тілшісі оқиға бойынша дәрігер Ерлан Сапарбекұлына телефон арқылы хабарласты. Бірақ, дәрігер тергеу құжаттарында көрсетілген номерді көтермеді.