Суға кеткен малды өртемесе, індет таралуы мүмкін
Суда қалған төрт түліктің іші ісіп, күлімсі иіс ауылды алып кеткен
Ақтөбе облысында қарғын суға кеткен мал өлекселерін өртеп жібермесе, індет тарауы мүмкін дейді мамандар.
Бірақ шығынды өндіру үшін де дәлел керек. Ал ауыл халқы суға ісінген төрт түлікті сақтап отыра алмаймыз дейді. Тасқынға қатысты құрылған комиссия шығын өндіруді өлексеге қарап бағаламайтын болдық деп отыр. Сол себепті арам қатқан мал-мүлік өртелетін болды, деп хабарлады КТК арнасына сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.
Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғындары қарғын су келерде қорадағы ұсақ малды шығарып үлгермеген. Буаз сиыр мен бұзаулаған мүйізді ірі қара да ауыл ішінде қалыпты. Қазір енді өлекселері теңкиіп әр жерде жатыр. Суда қалған төрт түліктің іші ісіп, күлімсі иіс ауылды алып кеткен. Күні кеше тексеруге келгендер өлекселерді сақтап қоюды тапсырыпты. Одан бөлек ағыспен кеткен мал шығынын қалай өндіреміз деп отыр.
Берсиев ауыл округінің Қараталындағылар тек төрт түліктің арқасында күн көріп отыр. Мал басын көбейту үшін несие алғандары да жетерлік. Шығынымызды еселеп алмасақ та, қорадағы ірі қарамыз бен қой-ешкімізді түгендеп берсе дейді.
"Берсиев малмен отыр. Ел малсыз қалды. Бірінші жанымыз деп ойладық. Жан қалғаннан кейін мал керек. Кредитке алынған мал бар. Солардың бәрі өндіріліп, барлығын аяғынан тұрғызса. Біздің өтініш сол", - дейді Қаратал ауылының тұрғыны Ермекбай Оразғалиев.
Ауыл әкімі тасқынан кейін осы мал өлекселерінен қауіп барын жасырмайды. Індет тарап кете ме деп алаңдап отырғанын айтады. Бірақ өлекселерді ауыл сыртына шығарып тастауға мүмкіндік жоқ деп отыр.
"Өте қауіпті. Ауру тарап кетуі мүмкін. Барымызша өзіміз үйден шығарып, дайындап, бір жерге үйіп жатырмыз. Өйткені көлік бара алмайтын жерлер бар. Қазып кеткен. Соған бір жерде жинап қойып жатырмыз. Әуелі ауыл ішіндегіні жинақтап алып, соларды есепке аламыз деді", - дейді Ш. Берсиев ауыл округінің әкімі Нұрбек Шәуменов.
Ал арнайы комиссия төрт түліктің шығынын ветеринарлардың тізімі бойынша түгендейміз деп отыр. Яғни ағыспен кеткен малдың өлексесін іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан ауыл ішіндегі өлекселерді дереу өртеуге тапсырма беріпті.