"Павлодар-Түркістан" пойызында әйелдің толғағы қысып, жолсеріктер босандырып алды
Зейнеп есімді жолаушы әйел №46 пойызға анасымен бірге Павлодардан Түркістанға жолға шыққан.
"Павлодар-Түркістан" бағытындағы жолаушылар пойызының екі жолсерігі толғағы қысқан жолаушы әйелді аман-есен босандырып алған, деп хабарлайды "Қазақстан Темір Жолы" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып KYN.KZ тілшісі.
Зейнеп есімді жолаушы әйел №46 пойызға анасымен бірге Павлодардан Түркістанға жолға шыққан. Толғағы қысқан әйелді вагонның екі жолсерігі Анар Амандықова мен Назерке Талғарбаева әйелді аман-есен босандырып, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Осылайша 10 сәуірде сағат 16:30-да қыз бала дүниеге келді.
"Пойыз бригадасы жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырған. Сары-Шаған станциясына жеткенде, жас ана мен қыз баланы жедел жәрдем қызметкерлері қабылдап алды. Жаңа туған нәрестенің есімін Мереке деп атаған", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 13 сәби дүниеге келген екен.