Қоғам

Су тасқыны басталғалы 99 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 563 жер үй, 563 аула мен 1 778 саяжай үйі су астында қалып отыр. 3 052 үй мен 1 935 ауладан су бұрылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш тасқынмен күреске тартылған әуе кемелерінің саны 17-ге жеткенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.kz.

Су тасқыны басталғалы бері Азаматтық қорғаныс қызметтері 99 869 адамды, оның ішінде 36 591 баланы қауіпсіз жерлерге жеткіді. Уақытша орналасу пункттеріне 6 586 адам, оның ішінде 3 197 бала орналасты. 9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылды, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның сөзінше, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 563 жер үй, 563 аула мен 1 778 саяжай үйі су астында қалып отыр. 3 052 үй мен 1 935 ауладан су бұрылған.

Еліміздің Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 34 төтенше жағдай режимі әрекет етеді. Министрлік азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады, - деді ол.