"Кешіреді деп ойлап, енемнің аяғына жығылдым": Әуелбекова бірінші күйеуінің алдап, төркініне қалай апарып тастағанын айтты (видео)
Жол бойы өзін жақсы көретінін айтқан жолдасының шынайы жүзі үйіне келіп, әкесін көргенде ашылыпты.
Екі баланың анасы, эстрада әншісі Мөлдір Әуелбекова алғашқы некесінің қалай біткенін, ол некесінде күйеуінің алдап, үйіне қалай апарып тастағынын айтты. Отбасын сақтап қалу үшін ол тіпті енесінің аяғына жығылған екен, деп жазады KYN.KZ тілшісі. Бұл туралы әнші "Мамский әңгіме" бағдарламасында баяндады.
Әуелбекова баласының әкесіне хабарласып тұратынын, десе де әкесі оған мүлде хабарласпайтынын айтады. Ал бірінші күйеуі мүлдем хабар-ошарсыз кеткен.
"Мен ешкімді кінәламаймын, олардың шешімін қабылдадым. Дұрыс түсінбеген, бір-бірімізге дұрыс жетпеген ақпарат көп болды. Ол кісілер әлі күнге "Баланы көрсетпейді" деп айтады. Бірақ бұл әңгіме қайдан шықты? Ол мені өз үйіме алдап әкелді. Мен өзім көп үндемей жүре беретін адаммын. Тұрмыс құрғаннан кейін намазға келдім. Үндемей жүретін сәттер көп болды. Содан бір күні ішімдегіні енеме айттым. "Неге бұлай? Мені қабылдайтын кезіңіз болды ғой" дедім. Тіптен енемнің аяғына жығылдым. Сол жағдай кешке болды. Ертесіне баламның әкесі хабарласып, "Келе жатырмын. Заттарыңды жина. Алматыға жұмыстарым шығып тұр. Сен ата-анаңның жанында боласың" деді. Мен төркінге бара жатырмын деп қуандым. Балам 5 айлық. Енемнің аяғына жығылғаннан кейін арамыз жақсы болады деп ойладым", - дейді ол.
Жол бойы өзін жақсы көретінін айтқан жолдасының шынайы жүзі үйіне келіп, әкесін көргенде ғана көрініпті.
"Қызыңыз анамды сыйламайды" деп, ауыр сөздер айтты. Дастарқанға отырған да жоқ. Әкем "Балам, отырсайшы. Сөйлесейік" деді. Менің төбемнен тас түскендей болды. Әкем оның отырмайтынын түсінді де "Рақмет. Балам, сенің шешіміңді қабылдаймыз" деді. Сөйтіп бірінші күйеуім аяқ киімін киіп жатқанда, әкем барып "Қолыңды бер" деді. Ол қолын беріп еді, әкем "Балам, қайта ашар есігіңді қатты жаппа" деді. Бірақ ол әкемнің қолын сілкіп, есікті жауып кетті. Осыдан кейін бір апта өткенде қайта хабарласып, "Қазір біздің үйдегілер барады. Сен дұыстап дастарқан жайып, дұрыстап күтіп ал. Түсіндің ба, мені?" деді. Жақсы есімде қалды. 1,5 жыл үндемей отырғаным келін болғасын, ана болғасын еді", - деген әнші.
Десе де өнер иесі қазір ашуының басылғанын, бұрын түсініспеушілік көп болғанымен қазір бәрін саналы түрде қабылдағанын айтады.
Айта кетейік, бұған дейін Әуелбекованың намазхан ер адамның төртінші әйелі болып, одан бір ұл бала тапқанын жазған болатынбыз.