Қоғам

Бишімбаевтың ісін қарап жатқан судья енді жеке күзетпен жүретін болды

Айжан Құлбаева әлде біреулер телефон арқылы өзін қорқытқанын құқықтық орган қызметкерлеріне мәлімдеген болатын.

Бишімбаевтың ісін жүргізіп жатқан судьяға белгісіз біреулер қоқан-лоққы көрсеткен. Сол себепті Айжан Құлбаеваны енді жеке күзет қорғайтын болды, деп жазды KYN.KZ  тілшісі КТК  жаңалықтарына сілтеме жасап.

"Астана қаласының полиция департаменті судья А.Құлбаеваға қатысты қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен. Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды. Судья жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді",-дейді  ҚР Жоғарғы Сотының ресми өкілі  Ерлан Ахмеджанов.

Жоғарғы сот ғаламторда мониторинг жүргізіп,  судьяға қатысты көптеген жағымсыз жазбаны анықтаған. Ол бойынша ҚР ҚК «Судьяға жала жабу» бабымен іс қозғалды. Сот өкілі судьяның атына жала жабу немесе қорқыту арқылы сот төрелігін жүзеге асыру процесіне ықпал етуге тыйым салынатынын ескертті. Әйелін асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында куәгерлерден жауап алынып жатыр. Келесі отырыс дүйсенбіге жоспарланған.