Түркістан әкімін күткен шенеуніктер қарапайым халықты мешітке кіргізбей қойды
Алла үйіне келген жамағат имамдармен бірге облыс әкімін күннің ыстығында далада күтуге мәжбүр болды .
Түймебаевты сағаттап күткен шенеуніктер жаңадан ашылған мешітке ақсақалдарды кіргізбей қойды.
Кеше ғана, яғни үшінші шілде күні Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы мешіттің жанынан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының кеңсесі ашылды.
Салтанатты рәсімнің басты қонағы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевты қараша халық пен имамдар күннің ыстығында далада күтуге мәжбүр болды.
Ал шара басталған сәтте жергілікті әкімдіктегілер Алла үйіне құлшылық етуге келген жамағатты облыс әкімімімен бірге кіргізбей қойды.
Алдымен салтанатты рәсімнің басты қонағы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мешітке кірді. Өңір басшысымен бірге ішке кіргісі келген ақсақалдарды шенеуніктер сыртқа "ысырды".
"Ешкімге шектеу қойылмады. Ресми рәсім болған соң, алдыңғы қатарда басшылар тұрды. Облыс әкімі келген соң, екі-үш адам сөз алып, бірден мешітке кірдік", - дейді Түркістан облыстық мұсылмандар діни басқармасының өкілі Мұхамеджан Естеміров.
Өкілдіктің ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы орталық Түркістан өңірінің одан әрі рухани дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.