Алматыда 45 жастағы ер адам алдап, жыныс мүшесін ұстатқан оқушының анасы бар шындықты жайып салды
- автор Томирис Тоныкөк
- 23 сәуір, 2024
- 2.9k
Алматыдағы Алмасити шағынауданы Алтын Ордадағы үйде құрылысшы кішкентай ұлды үйіне алдап кіргізіп, зорламақ болған. Сол үйдің тұрғындары күдіктіні тергеу изоляторынан босатып жібергеніне наразы. KYN.KZ тілшісі ата-аналардың назын тыңдады.
20 сәуірде күндіз алматылық Камила Тілекқабылқызының ұлы 1-2 сағатқа далаға ойнауға шыққан. Бір топ бала ойнап жатқан кезде жандарына ер адам келген. Айтуларынша, ол – осы жерге құрылыс істеуге келген Қарақалпақстан азаматы. 45 жастағы ер адамның 7 баласы бар екен.
“Ер адам балаларға түрлі сұрақтар қойған, сөзге тартқан. Басқа балалар тарап жатқанда, менің ұлымды алып қалып, көмек сұрапты. “Қоқыстарды төгуге көмектесші” деп үйіне кіруді сұраған. Ол маған да қолғабыс етіп жүргендіктен, оған да көмек беруге келіскен. Неге кірдің деп сұрасам, “көмектеспесем, ұрыса ма деп ойладым” дейді. Оның үстіне әңгіме арасында “мен спорт шеберімін, ұрып тастаймын” депті”, – дейді баланың анасы.
Үйге кірген кезде “белім ауырып қалды” деп, баладан массаж жасап беруін өтінген. Бала арқасын уқалап жатқан кезде ер адам оны тартып, ұлдың қолын өзінің іш киіміне салған. Бақытына орай, бала айқайға басып, теуіп, қашып үлгерген.
“Балам кіріп келгенде, “қайда жоғалып кеттің?” десем, көзі бақырайып, алаңғасарланып, жылағысы келіп тұр. Төбелесіп қалдың ба, не болды деп сұрағанымда, дірілдеп тұр. Құшақтап, жаймен сұрап едім, әрең ентігіп айтты. “Қорқамын” деп жылап, өз денесін сипалай берді, өз-өзінен жиіркеніп тұрғаны байқалды. “Оған барма, ол сені өлтіріп қояды, себебі ол спорт шебері” деп әбден үрейленіп қалған”, – деді Камила.
Ол бірден полицияға хабарлаған екен, подъездегі бейнебақылау камераларын тексеріпті. Сөзінше, бала осыдан кейін қорқып, тіпті көшеге шығудан қалған.
Сорақысы – полицейлер әйелді бөлек шығарып алып, арыз жазбауға көндірген. Ол Наурызбай аудандық полиция бөлімшесіне барған.
“Шулатып не қыласыз, атыңызға кір келеді. Арыз жазбасаңыз қайтеді, ойланып көріңіз?” деді. Сонда ол жазасыз қала ма? Ұлымның жолы болып, қашып үлгерді. Ертең ол адам біреуді өлтіреді ғой. Сонда маған “сізде дәлел жоқ қой, 5 ай бойы анда-мында сүйрелейміз, сосын бәрібір оны босатып жібереді” деді. Әртүрлі кабинеттерге жібере берді. Бір кезде “балаңыздың еш жері сырылмаған, көгермеген” дейді, сонда өлгенде ғана, зорлағанда ғана келу керек па? деп айқайға бастым”, – деді ана.
Содан кейін әйелдің арызын қабылдап, күдікті тергеу изоляторына жабылғанын айтқан. Бірақ келесі күні оны көршілер үйдің маңынан көріпті. Ер адамды қамаудан босатып жіберген.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де ер адам ерсі қылықтар істеген.
“Бір апта бұрын сол кісі пәтеріме кілтін тығып, ашқысы келді. Күйеуім екеуміз үйде болдық. Күйеуім есікті ашты да, “не істеп жатырсың?” дегенде ана күдікті “шатасып кеттім” деді. Ол бізден жоғары қабатта тұрады. Тереземіз ашық екенін біліп, балалар барып біліп, әдейі келген ғой. Мен де арыз жазып, жәбірленген баланың анасына қолдау көрсетемін. Ол баланың орнына кез келгеніміздің баласы болып қалуы мүмкін еді”, – деді Алтын Орда тұрғыны Фариза Қанатова.
Тұрғындар күдіктінің бостандықта жүргеніне наразы. Ол тағы да қитұрқы әрекетін қайталайды деп қорқады.
“Жер сілкінісі, су тасқыны, енді педофил. Не сұмдық мынау? 6 балам бар, мен оларды асырауым үшін жұмыс істеймін. Енді мынандай болса, мен әр баламның артынан жүріп, үнемі еріп жүре алмаймын ғой. Егер полиция жазаламаса, біз өзіміз жазасын береміз”, – деді тағы бір тұрғын.
Үйге жауапты Home Servise компаниясының директоры Асхат Қанаев тұрғын үйдің қауіпсіздік шараларын күшейтетінін айтып уәдесін берді. Ол бейнебақылау камераларын көбейтіп, үйге, балалар алаңына қоршау салатынын айтты. Айтуынша, тұрғын үйге жауапты полиция бөлімшесі жоқ және олардың жұмысының әлсіздігінен компанияға шағым көп түседі.
“Учаскелік полиция 10 күн сайын ауысады. 7-8 учаскелік полиция ауысқан болар. Жауапсыз қалады. Оларды шақыруға 2-3 сағат кетеді. 28 үйге бір полиция жетпейді ғой. Наурызбай аудандық полициясынан өтінерім, полицейлер санын көбейтсе екен”, – деді ол.
Жәбірленген баланың анасы оқиға болған жерді, күдіктінің үйін, подъездін көрсетті. Қазір үй бос тұр.
Сөз арасында баланың анасы бұған дейін де құрылысшылардың бірі оған шабуылдамақ болғанын, лифтіде қорқытқанын айтады. Сөзінше, бұл жағдай бір жыл бұрын болыпты.
Бір топ көрші полиция бөлімшесіне жол тартқан кезде оқиға орнына полиция қызметкері Әділбек Қозыбеков келді.
“Сот сараптамасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-тармағы “Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер” бойынша тергеу жүріп жатыр. Прокуратураның қаулысымен оны изолятордан босатты. Басшылық құрамның бақылауында”, – деді Қозыбеков.