Басты жаңалықтар

“Сен не келесің, не өлесің”: Дубайдағы қазақ қызын өлтіріп, денесін чемоданға салған

Сот отырысы Алматы қаласында жабық режимде өтті. Кейбір мәліметтер жариялануға тыйым салынады.

Дубайда қаза тапқан қазақ қызының өліміне қатысты сот отырысы болды. Бұл оқиға туралы марқұмның адвокаты Ғалым Нұрпейісов толық айтып берді деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

 

Сот отырысы Алматы қаласында жабық режимде өтті. Кейбір мәліметтер жариялануға тыйым салынады.

 

Адвокаттың айтуынша, 2017 жылдың соңында алматылық Әнел (есімі өзгертілді) ұжымдық кеште бір ғимаратта жұмыс істейтін әріптесімен танысады. Бірақ олар екі бөлек ұйымда болған. Алғашында дос ретінде араласып жүріп, кейіннен ер адамның отбасылы екенін біледі. 

 

“Олар араласып жүрсе де айтарлықтай жақын қарым-қатынаста болмаған. Ұзақ уақыттан бері таныс болғандықтан ер адам қызбен тауға шығып, серуендемек болады. Сол жерде ол қызды зорлаған. Болған жайттан кейін қыз оның үстінен шағым түсіріп, сотқа берген”, – дейді заң өкілі.

 

Бұл оқиғадан соң Әнел Біріккен Араб Әмірлігіне кетпек болады. Ол Дубайдағы бес жұлдызды қонақүйлердің біріне жұмыс бойынша хабарласып,  әңгімелесуден өткен.

 

Қыздың екі жоғары білімі болатын, ағылшын тілінде де еркін сөйлеген. Жұмысқа бірден тұрды. Ол қажетті талаптардың бәрін орындап: медициналық тексерістен, дәрігерлік тексеруден, әңгімелесу мен тестілеуден өтті. Жұмысқа тұрған соң БАӘ-іне кетті. Содан байланысқа шықпады”, – дейді адвокат.

 

Ғалым Нұрпейісовтың айтуынша, Әнел Instagram парақшасына сурет салған кезде бұрынғы танысы әлеуметтік желідегі мекен жайы бойынша тауып алады. Ол қызға қоқан-лоққы жасап “Сен не келесің, не өлесің”, – деп жазған. Әнел бармайтынын айтқанымен, ер адам қыздың артынан өзі іздеп келген.

 

Әнел БАӘ-дегі Қазақстан консулдығына барып өзіне қауіп төніп тұрғанын айтқан. Сондай-ақ анасы мен құрбысына да хабарлайды.

 

“Ол қыздың ізіне түсіп, әңгімеге тартып, оның жұмыс істейтін қонақ үйіне барған. Екеуінің жалғыз қалғанын пайдаланып, қызды өлтірген. Оның денесін шабаданға салып, жалға алынған көлікпен шөл далаға апарып тастаған”, – дейді заң өкілі.

 

2019 жылы 18 сәуірде жергілікті тұрғындар қыздың денесін тауып, полицияға хабар берген. 

 

“Полиция сол жаққа барып, сараптама жасады. Өлім себебі анықталды. Қылмыскерді бұл қылмысқа қызға деген хайуандікіндей ынтызарлық итермелеген. Ол жәбірленушіні қасақана өлтірді. БАӘ тергеушілері қылмыстың жоспарлы әрі қасақана болғанын анықтады”, – деді адвокат.

 

Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу үшін 25 мың доллар қажет болған. Алайда мұндай қаражатты Әнелдің отбасының қалтасы көтермегендіктен оның денесін кремациялап, күлі Қазақстанға жеткізілді. Сондықтан сот-медициналық сараптаманы БАӘ-нің жергілікті билігі ғана жүргізген.

 

Тергеушілердің айтуынша, қылмыс жасалғаннан кейін келесі күні айыпталушы Қазақстанға оралып, жасырынып үлгерген. Полиция оны ұзақ іздеді. Сол уақытта аталған қылмыстық істі Дубай полициясы жүргізіп жатқан. Жәбірленуші тараптың адвокаты Ғалым Нұрпейісов өзі Дубайға барып, оқиға орнына және қаза тапқан қазақстандық әйелдің денесі табылған жерге барып, жергілікті тергеушілермен сөйлескен.

 

Күдіктіні ұзақ уақыт іздестіру мен тергеу әрекеттерінен кейін 2024 жылдың наурыз айының соңында Дубайдағы қазақстандық қыздың өліміне қатысты іс Алматы сотына жіберілді. Адвокатпен екі сот отырысы өтті.

“Марқұмның анасының мәлімдемесі және консулдық қызметтің растауының негізінде адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, ұзақ хат алмасудан кейін БАӘ іс материалдарын ағылшын және орыс тілдерінде Қазақстанға жіберді. Қазіргі қылмыстық істің негізін құраған материалдар бірінші зорлау ісін қамтыды", – деді Ғалым Нұрпейісов.

 

Қылмыстық кодекстің 120-бабы "Зорлау" бабы бойынша сот отырысын жабық өткізу туралы шешім қабылданды. 

Сондай-ақ күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (Аса қатыгездікпен кісі өлтіру) бойынша айып тағылып отыр.

“Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін бе?” деген сұраққа адвокат: “Мен сол үшін қолымнан келгеннің бәрі жасаймын” деп жауап берді. 

 

Айта кетейік, қылмыстық іске қатысты ақпаратты Қазақстанның Жоғарғы соты растады.

 

“Дубайда (БАӘ) қазақстандық әйелді өлтіруге қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі "Зорлау" және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша қаралып жатыр. Сот отырысы "жариялылық" талаптарына сәйкес жабық режимде жүргізіледі”, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.

 

Ғалым Нұрпейісов БАӘ Қазақстан азаматын сол жерде соттауы үшін оны экстрадициялауды сұрағанын айтты. Әмірліктерде мұндай қылмыс жасағандар өлім жазасына кесіледі. Бірақ заң бойынша Қазақстан өз азаматтарын басқа елде сотта қарау үшін экстрадицияламайды.