«Пітір садақа қайда кетіп жатыр?»: Желі қолданушысы мешіт имамының қымбат көлігіне шүйлікті
Желі қолданушысы өз жазбасында пітір садақаны мешітке емес, одан да көмекке шын зәру жандарға тапсыруды ұсынды.
Әлеуметтік желіде дін қызметкерінің жол талғамайтын көлікпен жүрген видеосы тарады. Аталмыш роликтің авторы кадрдағы автокөлік имамға тиесілі екенін айтқан деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Желі қолданушысы өз жазбасында пітір садақаны мешітке емес, одан да көмекке шын зәру жандарға тапсыруды ұсынды.
« Мешітке берген садақалар, пітір садақа қай жаққа кетіп жатыр. Жетімдерге емес, мүгедектерге емес, қиналып жатқан жанұяларға емес, су тасқыннан зардап шеккендерге емес. Семіргеннен, соңғы үлгідегі шыққан Лексусты алып жатыр. Көліктің ВИП номерінің өзі 5000 доллар тұрады дейді. Бұларда шенеуніктердің бір түрі ғой. Біліп жүріңіздер, мешіт КНБ-ның филиалы. Мені, көпшілік болған жерге жақындамасын, бармасын, арласпасын, бұл корықпай қайтпай шындық айтады, қай қалада болса да мешітке келмесін деп қысым жасайды. Намысыма тиетін сөздер әдейі айтады. Имамның бас пропагандасы, мақсаты - сабыр болыңдар, басшыларға Қытай болса да бастарыңды иіңдер дегендей. Пітір садақаны ләжі болса балалары көп, қаңтарда зардап шеккен, жағдайы жоқ жанұяларға, ауырып жатқан емге ақша жетпей жатқан азаматтарға берген қабыл болады», - деп жазды әлеуметтік қолданушысы өз фейсбук парақшасында.
Анықталғандай, видеодағы Тараз қаласындағы «Әл-Әділ» мешітінің имамы болып шықты. Бірақ жол талғамайтын автокөлік имамға тиесілі емес. Бұл туралы Мұсылмандардың діни басқармасы мәлімдеді.