“Бізде бәрі керемет”: “Оператор РОП” экс-басшысы Құмарғалиевтің түрмеде ет тураған видеосы жарияланды
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 сәуір, 2024
- 906
Темір торда жазасын өтеп жатқан “Оператор РОП” экс-басшысы Медет Құмарғалиевтің ет турап отырған видеосы әлеуметтік желіде жүр деп хабарлайды, KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Видеода Құмарғалиев түрмеде өзінің жағдайы жақсы екендігін айтып, сәлем жолдайды.
“Қасиетті жұма қабыл болсын, бауырлар. Аман-саусыздар ма? Бәрі жақсы ма? Сіздерде бәрі жақсы болады” - дейді ет турап отырған Құмарғалиев.
Ал, видеоға түсіріп отырған ер азамат “бізде ше?” деп сұрайды.
“Бізде бәрі керемет болады. Басқаша болуы мүмкін емес. Жақында үйге қайтамыз. Біздің ортақ үйден сәлем. №30 колониядан,” -дейді жымиған Медет Құмарғалиев.
Еске салайық, былтыр 3 шілде күні Астана қаласының ауданаралық соты “Оператор РОП” ЖШС басшылары мен бұрынғы Экология вице-министріне үкім шығарған еді. Сол кезде Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Компания директоры Светлана Коротенко да осындай мерзім алған болатын.
2019-2022 жылдар арасында компанияға жетекшілік еткен Медет Құмарғалиев та 7 жыл бас бостандығынан айырылды.