Мамыр айына ауа-райы болжамы: «Сел жүріп, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін»
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 сәуір, 2024
- 558
Қазақстанда 1-2 мамырда ауа-райы бұзылып, күн суытады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, деп хабарлайды KYN.KZ.
1-2 мамырда солтүстікте, шығыста, оңтүстік-шығыста және орталықта қатты жауын-шашын болады, түнде жаңбыр қарға ұласуы ықтимал. Еліміздің оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Республика бойынша екпінді жел күшейеді. Түнде солтүстік-шығысқа тұман түседі деген болжам бар, - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.
«Қазгидромет» РМК өкілі елімізде ауа температурасының төмендейтінін жеткізді.
Солтүстік, шығыс және орталықта ауа температурасы күрт төмендейді. Күндіз ауа температурасы 0 және +5 градус жылы болады. Суық ауа температурасы біртіндеп оңтүстікке жылжиды. Онда түнде +2-7 градус жылы болады, - деді ол.
Сондай-ақ Алина Ысмағұлова өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты гидрологиялық ескерту жарияланғанын да атап өтті.
Биыл 30 сәуір-4 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашын болып, сел жүріп, өзендерде судың деңгейі көтерілуі мүмкін, - деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы.
Бұрын қазақ халқы «Сәуір болмай тәуір болмас» деп болжайтын. Бірнеше күнді «бесқонақ» деп атаған. Бұл күндері табиғат тосын мінез көрсетеді. Көктем мезгілінің бұл айында ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр немесе бірыңғай жауын жауады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болады. Бұл шақты «өлара» деп алыс сапарға, жолға шықпайды.
«Бесқонақта» күн райы бұзылып, жаңбырлатып, қарлатса, жақсылыққа жорыған. Демек алдағы жаз жақсы болады. Егер «бесқонақ» тыныш өтсе, жаз айы жан мен малға жайлы бола қоймайды.
Сондай-ақ ай басында аспандағы ай жатып туса, демек сол ай суық болады. Биылғы сәуірде ай жатып туды. Мұндай кез табиғатпен бітеқайнасқан қазақ даналығында «Жарықтық, ай жамбастап алыпты, күн әзір жылымайды» деп болжанады.