Басты жаңалықтар

Талдықорған полициясының экс-басшысы қыз зорлады деген айыппен 11 жылға сотталды

Жетісу облысының Талдықорған қалалық сотында Марат Күштібаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі 5-тармағы (қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін) бойынша қылмыстық іс қаралды.

Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Марат Күштібаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қыз зорлады деп айыпталған болатын, - деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өткен жылдың 12 қараша күні Марат Күштібаев Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы бола тұра, полиция басқармасының ғимаратында өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық қолдану арқылы жыныстық қатынас жасаған.

Істің мән-жайлары заңға сәйкес жарияланбайтындықтан, іс жабық сот отырысында қаралды. Осы баптың санкциясы 9 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

“Сот үкімімен Марат Күштібаев Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі 5-тармағы(қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды”, – делінген хабарламада.

ҚК-ның 49-бабының 1-бөлігіне (Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру) сәйкес Марат Күштібаев "полиция полковнигі" арнайы атағынан айырылды.