Басты жаңалықтар

“Ақтарам түнге шерімді”: Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлына жазба арнады

Ол арнауында сағынышын жазып, көпшілікті мұңға бөледі.

Ақын Серікзат Дүйсенғазы өмірден өткен ұлына жазба арнап, оны әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, - деп хабарлайды KYN.KZ

"Әлиханға

Тал егіп қайттым мен кеше басыңа барып,
Тамшылап жасым мелшиген тасыңа ғаріп.
Талаурап батқан күн көрсем мұңға батамын,
Алаулап атқан таңменен шашым ағарып.

Білмеймін қашан бұл қайғы басылатынын,
Кетпей жүр ойдан мойныма асылатының.
Білдім бе сонда күн сүйген нұрлы жүзіңді,
Қап-қара түнек топырақ жасыратынын.

Қарайып жатыр қайтейін, қабірің ғайып,
Қалдырған ұл ең қазаққа тағылым лайық.
Ең қымбат көктас қояр ем – тамыр жоқ онда,
Ақ қайың өссін одан да тамырын жайып.

Қайыңға солай қайтадан тіршілік аусын,
Көңілімнен тұтас тот басқан кіршігімді алсын.
Күз келсе күл боп қурасын жапырақтары,
Көктемде гүл боп құлпырып бүршігін жарсын!

Арманым қоса гүлдесін, аңсарым байып,
Уақыттың мұндай болмайды бал шағында айып.
Талпынған айға сенің жас жүрегіңе ұқсап,
Бұтағы көкке ұмтылсын саусағын жайып.

Жайқалсын көктеп жалғанның жарығы сынды,
Қайтарып басқа бергендей бақ-ырысымды.
Құлазып кеткен сәтімде құлынымды іздеп,
Құшақтап тұрып басармын сағынышымды.

Бата оқып жалғыз ақтарам түнге шерімді,
Кім қалай болжап бере алар күн кешерімді.
Майгүлін ойлап мұң кешкен Мұқағалидай,
Қайыңмен үнсіз білмеппін тілдесерімді", - деп өлең арнаған ол.