Ақтөбеде 1 мамыр мерекесіне орай өткен «Таза Қазақстан» акциясы аясында тал егіліп, саябақтар тазартылды
Бүгін елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы «Өнегелі ұрпақ» апталығы жалғасын тапты.
Бұл күні Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында батырларға, белгілі тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштердің айналасы, Мәңгілік алау, «Бауырластар зираты» маңайы, әлеуметтік-мәдени нысандар, медициналық орталықтар мен Орталық стадионның жанында қоқыстан тазалау, түрлі тұқымды көшеттер отырғызу және ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Аталған акцияға өңір тұрғындары, депутаттар, жастар ұйымдарының, кәсіпорындардың, еңбек ұжымдарының өкілдері атсалысты.
Ал «Достық» саябағын облыстық ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім» және «Рухани жаңғыру» мекемелерінің ұжымы тазалады. Шараға үлес қосуға этномәдени орталықтардың өкілдері сенбілікке балалармен бірге келген. Ер-азаматтар саябақтағы жерге түскен жапырақтарды, құрғақ шөптерді жинаса, әйелдер қауымы ағаштарды әктеп, қоқыс жәшіктерін бояп, демалушылар жүретін жолдарды сыпырды.
«Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің жастар қанатының мүшесі Ахмед Межидов өткен аптада экологиялық акцияға әкесімен бірге қатысқан. Бұл жолы №3 орта мектептің 8-сынып оқушысы өзі келіпті. Жасөспірім аға ұрпақтың еңбекке деген құлшынысы мектеп оқушыларына үлгі болып қана қоймай, олар ортақ мекенді таза ұстауға көмектесуі тиіс деп санайды.
Сенбілік аясында «Достық» үйі қызметкерлерінің бір тобы Ақтөбеде тұратын тыл ардагері Любовь Савельеваның үйін, ауласын тазалап, мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, «Болашақ» шағын ауданындағы алаңға үш жүзден астам сүмбіл терек отырғызылды. «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері қолдарына күрек ұстап, шыбықтар егілетін орындардың топырағын қопсытса, «Жас IVENT» жастар ұйымының оқушы – қатысушылары мен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері көшеттерді отырғызып, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер теректерге су құйды.
«Жасыл ел» ұйымы төрағасының орынбасары Артур Азиевтің айтуынша, сәуір айында 40 адам жұмысқа кірісті. 2 мамырдан бастап елді мекендерді 250 студент пен белсенді азаматтық ұстанымы бар жастар абаттандырады.
«Жасақ сарбаздары көшеттерді қаланың басқа жерлеріне де отырғызады. Сондай - ақ, олардың көпшілігі орман шаруашылығында жұмыс істейді, онда оларға тамыр жайып, дұрыс өсуі үшін жасыл желектерге қалай күтім жасау керектігін үйретеді», - деп Артур қалалық әкімдік белгілеген коммуналдық қызметтер ағаштарды одан әрі күтіп-баптаумен және суарумен айналысатынын айтты.
Төраға Серік Шаңғұтов бастаған облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері балалармен көшет отырғызу тәжірибесімен бөлісіп, ауылдар мен қалаларды көгалдандырудың маңыздылығын түсіндірді.
Хромтаулықтар болса, экологиялық акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында өңіріміздегі жалғыз ҰОС ардагері Василий Грецкий тұратын үйдің ауласын абаттандырып, тазалады. Бұл игі шараға аудандық ардагерлер кеңесімен бірге аудандық мәслихат депутаттары, «Қаһарман» қоғамдық ұйымы және 30-дан астам белсенді аудан жастары қатысты.
Айта кетейік, Василий Грецкий 1942 жылы Алматы қаласынан әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Алматыда алты ай әскери дайындықтан кейін 1943 жылы Алматы қаласының горнизонынан майданға жіберілді. Әскер қатарында бірінші Украина, 111-Белорус майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945 жылы Жеңісті Берлиннен 75 км жердегі Ельцих қаласында госпитальда қарсы алды.
Сонымен қоса, мерекеге орайластырылған шаралар Қарғалы ауданындағы «Қасқыр сарқырамасы» маңайында өтті. «Біз таза Қазақстан үшін!» флэшмоб-плоггингінде жасөсіпірімдер үлкендермен бірлесе, жарыса жүріп, туристік аймақты қоқыстан тазартып, жасыл желектерді суарды.