“Күйеубалам тиран…”: Алматы облысында ер адам әйелін пышақпен тілгілеп, енесін де ұрған
Күйеубаласы 27 жастағы қызының мойны мен кеудесін пышақпен тілгілеп, сабаған. Онымен қоса, енесін де ұрып соққан.
Алматы облысының тұрғыны Бекзада Қоңқашева күйеубаласының қызын сабап, кеудесін пышақпен тілгілегенін айтып «Көреміз» бағдарламасына қоңырау шалған. Бұл туралы тележүргізуші Руслан Үтепбай өз парақшасына жазып, дабыл қақты, деп хабарлайды KYN.KZ.
Кейуананың айтуынша, сәуірдің 20-нан 21-не қараған түні күйеубаласы 27 жастағы қызының мойны мен кеудесін пышақпен тілгілеп, сабаған. Соққыдан көп мөлшерде қан жоғалтып, есінен танған келіншек бірден ауруханаға жеткізіліпті.
«Мадина Түсіповаға араша болу үшін «Көреміз» редакциясы жұмысты бастап кетті. Әділдікке қол жеткізу үшін сіздердің де көмектеріңіз ауадай қажет», деген журналист әлеуметтік желіде оқырмандарынан аталмыш видеоны таратуға шақырған.
Көпшіліктің қолдауымен және Руслан Өтепбайдың дабыл қағуымен 27 жастағы Мадина Түсіповаға қатігездік танытқан 33 жасар азаматты полиция тұтқынға алған. Ер адам азамат әйелімен қоса, енесін де ұрып соққан.
«Оқиға 21 сәуірге қараған түні облыс орталықтағы демалыс орындарының бірінде болғаны анықталды. Қинау фактісі бойынша қажетті сараптамаларды тағайындаумен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде», деп мәлімдеді Алматы облысының полициясы.
Алайда, тележүргізушісі сотқа жеткенше бұл оқиғаны «Көреміз» бағдарламасы назарда ұстайтынын айтты.