“Мүлікті бөліскісі келмеген”: Ақтөбе облысында ер адам бұрынғы әйелін қылқындырып өлтірген
Әйел бұрынғы күйеуімен екі жыл бұрын ажырасып кеткен.
Келіншекті бұрынғы күйеуі шай қойып тұрған жерінде артынан келіп қылқындырып, өлтірген. Бұл күнді ол алдын ала жоспарлаған. Ал кішкентай балалары көрші бөлмеде ұйықтап жатқан, деп хабарлайды KYN.KZ.
“Бұл оқиға туралы біз білмедік. Айбанудың туыстары бүгін хабарлап айтты. Ол күйеуімен 2022 жылы ажырасып кеткен. Балалардың әкесі алимент төлемеген, балалармен араласпай кеткен. Басқа әйелмен бірге тұрған. Бірақ екі жылдан кейін қайтып келген. Балалары кішкентай болғандықтан Айбану оған келісімін берген”, - деп бөлісті #НеМолчиKZ қоры әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әйел Ақтөбе облысының Сарқұл ауылында тұрған. Туыстарының сөзінше, Ақтөбеден таксимен келген ер адам көлік жүргізушісіне өзін ауылдың шетінде күтіп тұруды тапсырыпты.
“Бұл жоспарланған қылмыс. Ол мүлікті бөліскісі келмеген. Айбану қалада тұра алмаған соң ауылға көшіп барған. Күйеуі екеуінің бірігіп ақша жинап алған пәтері болыпты. Балаларының басында баспанасы болсын деген ол күйеуінен пәтерді бөліп алуды сұраған. Алайда күйеуі оны қылқындырып өлтіріп, келген сол таксимен кері қайтып кеткен. Ал үйде анасының өлігімен үш бала қалған”,- деп жазады #НеМолчиKZ .
Қор Ақтөбе облысының прокуратурасынан, Ақтөбе облысы полиция департаментінен қылмыскерді жазалауды сұрайды.