Алматыда жұртты шошытқан тиінді құрастыру үшін 24 млн жұмсалған
Тиін ағаш пен сабаннан жасалғандықтан кез-келген уақытта жанып кетуі мүмкін.
Алматының орталығында орнатылған 13 метрлік тиіннің мүсінін жұрт қызу талқылануда. Тұрғындар кеміргіштің қалаға қандай қатысы барын түсіне алмай дал, деп жазды КТК арнасы. Сөйтсе, оны жасауға Ұлыбританиядан шақыртылған суретші Оңтүстік астанада ит-мысық пен тиіндерден басқа түк көрмеген соң, таңдауы осы жануарға түсіпті . Оны құрастыру үшін 4 тоннадан аса ағаш пен сабан және 24 млн теңге қаражат кетіпті. Кешеден бері халықтың қызу талқысына түскен алып тиін дайын. Тек, шетелден арнайы шақыртылған мамандар мүсіннің кем-кетік тұстарын тағы да түзей түсті. Ең бастысы құлағы, көздері мен қолы сызба бойынша дәлме-дәл келу керек екен. Туындының авторы Алекс Ринслердің айтуынша, сары алтындай жарқыраған тиін екі-үш айдан кейін алқам-салқам болып шыға келуі де ғажап емес. Автор қалада қаптаған мысық, ит, тышқанның арасынан таңдау осы кеміргішке түскенін жеткізді. "Алматыда тиіндерді жиі кездестріруге болады. Сонымен қатар, мысық, иттің мүсіндерін барлығы жасайды. Ал, тиін өте әдемі әрі табиғатқа пайдасы зор жануар. Тәжірибем бойынша айтайын бұл уақытша тұрған нысан. Ол күнге күйіп, ауа райының қолайсыздығынан өңін өгретуі әбден мүмкін. Дегенмен, аз уақыттың ішінде тиін шаһардың нышанына айналып үлгереді.",-дейді суретші Алекс Рислер. Британдық танымал суретші Алекс Ринслердің туындылары Лондон, Шанхай және өзге де ірі қалаларда тұр. Қасқыр, түлкі, керік сынды жан-жануарларды салып машықтанған маман бұл конструкцияның жоспары мен нобайын дайындауға 2 айын жұмсапты. Жаңғақ ұстап тұрған тиіннің ұзындығы 13 метр. Ал, салмағы 12 тонна. Оны құрастыруға 4 тоннадан астам сабан мен ағаш жұмсалған. Яғни, мүсін кез келген уақытта тұтануы мүмкін. Сол себепті, жоба авторлары мүсінге отқа төтеп беретін сұйықтық шашпақшы. Алайда, оның да пайдасы шамалы. Өрт мәселесі назардан тыс қалмады деп сендірген жеке компания қызыл жалынға қарсы заманауи қондырғыларды тиінге орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, нысанды бақылау үшін камера қоймақ. "Бұл жерге күзет қойылмайды. Оған қаражат бөлінбеген. Тек Бостандық ауданымен келісіп, камера орнатамыз. Жекеменшік өрт агенттіктерімен келісім-шарт жасаймыз. Олар арт-нысан тұтанғанда іске қосылатын дабыл қояды. Және 8 шаршы метрді сөндіруге қауқары бар капсула мүсінге жабыстырылады.",-дейді жоба ұйымдастырушысы Майра Измайлова. Әкімдіктің тапсырысымен мүсінді салуға жалпы соммасы 24 миллион теңге қаржы жұмсалған. Осы туындыны бір айдың ішінлде аяқтау үшін 30 адам жұмылдырылыпты. Келісім бойынша тиін қаланың сәнін келтіріп 9 ай тұруы тиіс.