“Сіз ұрладыңыз және мойындайсыз”: Ақтау тұрғынын полицейлер соққыға жыққан
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 мамыр, 2024
- 285
Ақтауда полиция қызметкерлері ер адамды ұрып-соққан. Қала тұрғынының айтуынша, тәртіп сақшылары күш көрсету арқылы оның ұрлық жасағанын мойындатпақ болыпты. Бұл туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірақ мұнымен қылмыс расталмады. Соққының салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алып, тәртіп сақшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
22 наурызда Зигфрид-Илларион Сахибоғлы көлігіндегі генератордың жұмыс істемей тұрғанын анықтады. Содан кейін ол құрылғыны сұрау үшін досының автожөндеу базасына барады. Жолдасы ол жерде болмаған. Ер адам автобаза иесіне қоңырау шалғанымен ол жауап бермеген. Содан кейін дауыстық хабарлама қалдырып, сондағы 4 генераторды алып, автоэлектрикке барады. Бір сағаттан кейін оны полиция ұстайды.
“Сіз ұрладыңыз және мойындайсыз” дейді. Мен “мойындамаймын, өйткені мен ұрлаған жоқпын, бұл – менің досым, мен оны одан сұрап алдым” дедім. Оның үстіне мен оған жаздым, іште камералар бар, көлігімнің нөмірі де көрінеді. Олар мені камерасы жоқ бөлмеге апарып, ұра бастады. Бас, бет, кеуде, асқазан, аяқ, иық тұстан соққы жасады”, – деді Зигфрид-Илларион Сахибоғлы.
Сөйтсе арызды жәбірленушінің досы емес, оның ағасы жазған. Арызды жазып болғаннан соң ғана генераторды танысы алғанын білген.
Жәбірленушінің айтуынша, оны үш тергеуші қатты соққыға жыққан. Ал екі қызметкер бақылап тұрыпты.
“Оларға ұрлық емес екен, бұл жерде түсінбеушілік болды дегеннен кейін тоқтап, басқаша сөйлесе бастады. “Кешіріңіз, дос болайық. Арыз жазудың қажеті жоқ” деді”, – дейді ер адам.
Ақтау тұрғының миы шайқалған, бас-ми жарақатын алып, бүкіл денесінің жұмсақ тіндері көгерген. Ер адам тексеріс пен емделуге шамамен 140 мың теңге жұмсағанын айтады.
Жәбірленуші полиция қызметкерлерінің үстінен прокуратураға арыз жазыпты. Қылмыстық кодекстің 146-бабы "Қатал, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас, азаптау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық және жан-жақты тергеуді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Бұл іске қатысты бірқатар сот-медициналық сараптамалар да тағайындалды. Тергеу қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық прокурорының көмекшісі Мейрамбек Баймырзаев.
Облыстық полицейлер өз қызметкерлерінің әрекетіне түсініктеме бермеді. Тәртіп сақшыларының кінәсі дәлелденсе, 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Маңғыстауда кенеден мал қырылып жатыр
Ұқсас жаңалықтар
Жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті: өзгерістер енгізілді
- авторТомирис Тоныкөк
- 11 қазан, 2024