"Үлкен сыныптар әжетханада кезекпен ұрады":Жамбыл облысында оқушы өлімінен кейін басқа ата-аналар шошып отыр
- автор kyn.kz
- 3 мамыр, 2024
- 1.7k
Жамбыл облысында сегізінші сынып оқушысы жоғарғы сынып оқушысының қолынан қаза тапты. 14 жастағы бала кеуде тұсынан алған соққыдан кейін мектеп дәретханасында жан тапсырған. Ал әлімжеттік көрсетіп жұдырық жұмсаған 9 сыныптың оқушысы қамауға алынды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Бұл жантүршігірлік жағдайдан кейін ата-аналар баласын мектепке жібермейміз деп шошынып отыр. Өйткені әлімжеттік тоқтамайынша, қайғылы жағдай тағы қайталануы мүмкін дейді. Қанды оқиға 30 сәуір күні мектеп ауласындағы әжетханада болған.
Ата-аналардың айтуынша оқушы әлімжеттіктің кесірінен ажал құшқан. Өйткені бұған дейін мектепте балаларға қысым көрсеткен жағдай жиі кездескенін айтады. Ал ауылдасын ажалға қиған кәмелетке толмаған күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ана баласын жер қойнына кеше табыстаған. Мектеп маңын торуылдап жүрген олар 14 жастағы Мирасты жабылып ұрған оқушылар жазадан сытылып кетпесін дейді. Ал қайғылы оқиға болған күні мектеп ұжымы болған жағдайды барынша жасыруға тырысқан. Алғашында оқушының ата-анасына « жүрек талмасы ұстап қалды» деп хабарлаған.
"Жігіт қой, 14 жасқа келген сап-сау азамат. Алар белесі көп еді, баламның. «Мама, мен дәрігер боламын, екеуіміз бәрін жеңеміз» деп.. кешке бәрі естіді. Бүкіл ауыл шулады. Екі орынбасарын ілестіріп алып, ата-аналардың үйін аралаған ғой. «Айтпайсыңдар, шықпау керек, ауыздарыңнан шықпасын» деп. Ата-аналарға да қысым жасалып жатыр. Жұмыс орнының басшылығына айтып, сол ата-аналарға қысым жасап жатыр",-дедйі марқұмның анасы Раушан Құдасова.
Куәгерлердің айтуынша, оқушы дене шынықтыру сабағы кезінде соққыға жығылған Ата-аналар бұл оқиғадан бір күн бұрын ғана осы мекттептің оқушысы шошынып ауруханаға түскенін айтады. Оны жоғарғы сыныптың оқушылары пышақпен қорқытқан көрінеді. Жантүршігерлік жағдайлардан түңілген ата-аналар мектепте бақылау жоқ екенін айтып ашуланды.
"Дәретханаға жинайды екен. Мысалы, бір бала ұрады ма, қалған он бала он рет ұрып шығады екен, әрқайсысы. Жалғыз менің балам емес, барлық бала соны айтып отыр. Неге бұны тексермейді? Неге камера жоқ ? Ертең соның орында менің балам болса ше, мен де шырылдап қалам ба?",-дейді Құмжота ауылының тұрғыны Лариса Тулағанова.
Оқушылардың әлімжеттікке не себеппен барып, нені бөлісе алмағаны әзірге белгісіз. Қазір полиция осы оқиғаға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғады.
"Күдікті кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды"-дейді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Бүгін өңірдегі барлық мектепте әлімжеттік дерегін анықтау бойынша жаппай тексеріс басталды. Қазір бұған дейін үлкендерден көрген қорлығын жасырып келген Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары ата-аналарға бар шындығын айтып жатыр. Оқушыларды қылмысқа итермелеген кім екені тергеуден кейін белгілі болмақ.