«Сайқымазақ»: Танымал блогер Мадлен әзілкешпен соттасқалы жатыр
Мадленнің шамына тиген әзілкеш одан кешірім сұраған. Бірақ ол сотқа дейін баратынын мәлімдеді.
Танымал блогер Мадлен әзілкеш Нұрасхан Басқожаевпен соттасуға бел буды. Мадинахон Мамадалиева ол өз сөзімен намысына тигенін айтуда, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл оқиға әзілкештің қалжыңынан туған. Ол Мадленді сөз етіп, күлкіге айналдырған.
«Ары қарай да ақша ұрлап, бәріне Дубайға кете беруге болады. Содан кейін Мадлен секілді блогерлерді Дубайға шақырып, сол жерде олармен бірге жатып, Қазақстанның солтүстігі суға қалай батып бара жатқанын көре беруге де», - деген әзілкеш әзілінде.
Оның айтқан сөздері Мадленнің шамына тисе керек. Өзінің Instagram парақшасында Басқожаевты сайқымазақ атап, беделіне нұқсан келтіргенін айтты.
“Маған белгісіз бір клоунның стендапы жекеме келді. Өз ісіммен айналысып жатқанда, кейбір сайқымазақ, арзан клоундар менің атыма, беделіме нұқсан келтіріп жатыр. Мен арыз жазамын. Сөзбен менің намысыма тиетін сен кімсің!? Ешкім күлген жоқ! Сотта кездесеміз. Біз бүкіл ел әйелдердің құқықтары үшін күресіп жатырмыз, олар қорланбасын дейміз. Біз мұны бұлай қалдырмауымыз керек. Әзілкеш билеттерін 1000 теңгеге сатады, ал су тасқынына біз 200 млн теңгеден астам қаражат жинадық, - деп жазады блогер.
Артынша Басқожаев дауды реттеуге тырысып, Мадленнен Instagram-дағы жазбасы үшін кешірім сұрады. Бірақ ашуға булыққан Мамадалиева әзілкеш өз сөздеріне жауап беруге тиіс деп мәлімдеді.