Қоғам

Түркістан облысында полиция қызметкері суицид жасап, оған бастығын кінәлап хат қалдырған (видео)

Марқұмның әкесі бар былықты жайып салды.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында полиция қызметкері Ратбек Жүзеев 12 наурыз күні суицид жасап көз жұмған. Оқиға Бөріжар ауылының іргесіндегі өзен жағасында болған, деп жазады KYN.KZ тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Марқұм демі үзілер алдында бұл жердің геолокациясын қарындасына жіберген. 

"Іздеп қарағанымызда арғы жақтан, осы жерде отырған сияқты боп көрінді. Сонымен жүгіріп жеткен кезімде ағамның асылып тұрғанын байқадым да, мен шыңғырып, ештеңе істей алмай әкеме хабарын айттым", - деді марқұмның қарындасы Қаршыға Жүзеева. 

Марқұмның көлігінен өлер алдында жазылған хаты табылған. Хатта Жүзеев ата-анасы, бауырларына өкпесі жоғын айтқан. Мені өлімге итермеледі деп бастығын кінәлаған. 

"Менің осылай қол жұмсап өлуіме кінәлі адам бар. Ол - Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Қуашбаев" делінген хаттa. 

"34 жасқа толар еді. 12 наурыз күні дүниеден өтті мезгілсіз. 2 айға жуық уақыт болды. Содан бері жылап, еңіреп зарлап отырмыз. Қайғырып, баламыздан айрылып. Жап-жас өмірден өтті. Артында үш бала-шағасы қалды", - дейді анасы Күлжамаш Жүзеева. 

Марқұмның туыстары подполковник Ғалымжан Қуашбаев баламызды заңсыздыққа итермелеген дейді. Жүзеевтің өлімінен соң полиция "өзін өшін өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Істе марқұмның әкесі, жәбірленуші, бірақ күдіктінің кім екені белгісіз марқұмның туыстары тергеу нәтижесінен хабарсызбыз деп қапалы. 

"Протокол ішкендерді ұстапты. Протокол толтырып қояды ғой енді. Ертеңгі күні КНБ тексереді. Прокуратура тексерді. Сол нәрсені жоқ қылып, ақша істе деп. Мен ақша істей алмайм деп. Ертең менің сотталып кететін жағдайым жоқ деп. "Онда орынды босат" депті. "Мен ақша істейтін адам алам" деп. "Айтқанды істемегеннен кейін менің "артымды" қазбалады" деді. Онда ертең барайық деп едім. Осындай жағдай болды азанда. Қысым көрген ғой енді. Қысым көрмесе...", - деп марқұмның әкесі Әзіретәлі Жүзеев көз жасына ерік берді. 

Азаттық тілшісі полиция бөліміне хабарласқанымен подполковник Ғалымжан Қуанышбаевпен сөйлесе алмады. Орнында жоқ екен. 

"Бастық қазір әкіммен бірге халыққа есеп беру жиналысында", - деді Ордабасы аудандық полиция басқармасы басшының орынбасары. 

Ал хатта есімі аталған адамның қылмыстық істегі статусы қандай екені белгісіз. Түркістан облыстыө полиция департаменті тергеудің құпия екенін айтқан.