Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Бір тиын ақшамыз жоқ":су тасқынынан үйсіз қалған отбасылар орманда тұрып жатыр

"Бір тиын ақшамыз жоқ":су тасқынынан үйсіз қалған отбасылар орманда тұрып жатыр
видеодан скриншот
Большая малышка ауылының тұрғындары 14 күннен бері шатырда тұрып жатыр. Сол жерде  от жағып, шай қайнатады. Күнделікті тамағын әзірлейді. Ашық аспан астына дастархан жайып, ас ішеді.

Еліміздің солтүстігінде тасқыннан зардап шеккен ондаған отбасы жарты айдан бері орманның ішінде тұрып жатыр. Үйлерін су басқан соң далада шатыр тіккен тұрғындар адам төзгісіз жағдайда өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31  арнаның Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.

Оннан астам отбасы эвакуациялық орталыққа бармай, жайылған малын осы жерден бақылап жүр. Жұрт далада өмір сүру оңай емес дейді. Түнде күн суытқан уақытта 5-6 көрпе оранып жатады. Ал жан-жаққа жайылған киім-кешек пен төсек орынды кептіруге қойған. Себебі екі күн бұрын жаңбыр жауып, шатырдан су сорғалаған.

"Тамағымыз таусалған сайын макарон мен картоп әкеліп, азық қыламыз. Дәмдеуіштер мен көкөніс қоспаймыз. Не әлі күнге дейін бір реттік көмек алмадық. Бір тиын ақшамыз жоқ", – дейді Большая малышка ауылының тұрғыны Наталья Черникова. 

Төрт түлікпен жан бағып отырған тұрғындар тасқын санаулы сағатта жарты метрге көтеріліп, ауыл болып сайдан қырға қашқанын айтады. Сондықтан қорадағы малды да толығымен алып шығып үлгермеген. Кейбірінің қой-ешкісі, жылқы мен сиыры жаңа туған төлімен суға кеткен. 

"Екі биені әкетіп үлгердім. Бірақ құлын суда қалды. Үш бұзау мен 7 доңыз да шыға алмай суға кетті. Енді бар малымызды қарап отырмыз. Олардан айырылсақ, жағдайымыз қиын болады", – деді Елена Нещунова. 

Жергілікті билік тұрғындарға уақытша паналау орталығынан орын берілгенін айтты. Бірақ жұрт көрші ауылдағы мектеп тым алыс, малымыз қараусыз қалады деген екен. Шенеуніктер айнала су болғандықтан, жақын жерден орын тауып бере алмайтынын ашық айтты. 

"Тұрғындар ауылдан алысқа кетпейміз деп, осында қалды. Көбі ауылдағы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ал бірреттік төлем мәселесін шешуге көмектесемін. Жақын күндері қолына алады", – деп уәде берді Березов ауылдық округінің әкімі Владимир Рудер.

Большая Малышка ауылында 321 үйді су басқан. Топан су кезінде балалар ойнайтын алаң мен жаңа асфальт та толық бүлінген. Жалпы солтүстікте әлі күнге дейін үш мыңға жуық үй тасқын судың ортасында тұр.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар