"Қыз зорлау, кісі өлімімен аяқталып еді": алматылық келіншек тойын еске алды
Осы кездесу менің тағдырымды түбегейлі өзгертіп жіберді», - дейді Роза.
Отыз жыл бұрын сыныптасымен арада болған оқиғаны айтып берген алматылық келіншектің ағынан жарылды, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Ernur.kz-ке сұхбат берген ол биыл мектеп бітіргеніне 40 жыл толғанын айтады.
"1983 жылғы түлектер бас қостық. Осы кездесу менің тағдырымды түбегейлі өзгертіп жіберді», - дейді Роза есімді оқырманымыз.
"Қырық жыл бұрын біздер от едік. Сол заманның ағымына сай лапылдап жанып, қатарымыздың алды болдық. Мектепте де «кімсің, Роза!» боп жүргенімді жасырмаймын, қасымда тағы үш қыз бар, төртеуміз «банда» боп мектептегі бүкіл мәдени іс-шараларға атсалысып, мақта терімге, жүзім терімде ең үлгілі, ең озат оқушылар боп топ жаратынбыз. Біз сегізді бітіріп, тоғызыншыға өтетін жылы көрші ауылдан Бағдат деген бала ауысып келді. Бағдат басқалардан ерекше-тұғын, біздің сыныптың балалары мұрнын енді сүртіп, беліне белдікті енді таға бастаған кез, ал жаңадан келген бала шашты «АБК» тобындағы Қыдырәлі секілді қырқып, қақ ортасынан екіге ашып алған. Үсті тап-таза, мұнтаздай, бойы ұзын, бір қарағанда қыз біткеннің бәрін «құлатарлық» көркі бар енді. Сол бала сыныпқа кірген бойда менің жаныма келіп отырды. Қыз біткен қызығып, жігіттер жағы бөтен баладан мені қызғанып, біраз уақыт қырғи-қабақ боп жүрді. Бағдат екеуміздің алғашқы күннен жұбымыз жазылған жоқ. Ол кезде көрші ауылдың балалары интернатта жатып, оқитын. Сабақтан соң күн батқанша біргеміз, елдің әңгімесі біз болдық. Оныншыны бітіргесін Бағдат Алматының «НарХозына» оқуға түсті. «Мен де Алматыда оқим деп қиғылық салып, әкемді әрең көндіріп, жолға шықтым. Бар ойым Бағдаттан айырылып қалмау еді. Үлкен қалада екеумізге «көз» болатын ешкім жоқ, емін-еркін кездесіп жүріп, сорлап қалдым. Жүктілігіме екі ай болғанда оңбай ұрынғанымды білдім. Бірақ Бағдат ер екен, балалы болатынын білгесін ауылға хабар беріп, үйленетінін жеткізді. Бірінші курсты аяқтап, Алматыдағы шаруаларымызды аяқтап келгенбіз. Ата-енеміз той жасауға асықпады, «қауын-дарбыз пісе берсін» деген сылтауды айтып, тойды тамызға белгіледі. Күн санап жүріп тойға әрең жеттік. Ол кезде қазіргідей тойхана жоқ, ауланы қызыл кілемдермен айнала қоршап, мақтамен атымызды жазып істейтін той ғой. Соған да риза болып, сүйіктіммен бас қосқаныма көңілім марқайып, той төрінде бал-бұл жайнап тұрдым. Той да өз дәрежесінде жап-жақсы өтіп жатқан. Кенет палатканың сыртында әлдекімдердің төбелесіп, қырғын салып жатқанын естіп қалдық. Ансамбльдің даусы өшті, жұрт жапа-тармағай сыртқа шығып, төбелес тамашалауға жүгірді. Сөйтсем Бағдаттың туған ағасы ішіп алып менің әлі мектеп бітірмеген бөлемді баудың аяғына қарай сүйреп, зорлапты. Қыздың қыстыға жылап отырғанын менің туған ағам Әскербек темекі шегуге шыққанда байқап қалып, ашумен қайынағама пышақ ала жүгірген. Ішкендерде ес бар ма, қызды зорлап, есі кіресілі-шығасылы боп отырған қайынағам сол жерде тіл тартпай кетті. Екі жақ қан-жоса төбелес, «қанға-қан» деп ерегіскен жастар жағы ешкімге дес берер емес. Ауылдың полициясы араға түсіп, ауданнан көмек шақырып, төбелесті әрең тоқтатты. Менің төркінім кіп-кішкентай қыздың тағдыры бүлінді деп күйінеді, Бағдаттың әке-шешесі арыстай ұлымыздан айырылдық деп аһ ұрып, бұл оқиғаның соңы Бағдат екеуміздің ажырасуымызға әкеп соқты. «Ұлымды өлтірген адаммен құда болмаймын» деп атам шықты. «Сендерге беріп қояр қызым жоқ, кісі зорлағыштардан Құдай сақтасын, сотта жолығамыз» деп менің әкем де ашуға булығып, сол күні заттарыммен қоса мені алып кетті. Бағдат екеуміздің пікірімізді, ойымызды ешкім сұраған да жоқ. Әкем мені Алматыдағы оқуымнан шығарып алды. Бағдаттан сол бойы хабар болмады. Күйзелістің кесірі ме, білмеймін, ішімдегі балам шала туылды да, көп ұзамай шетінеп кетті. Бірте-бірте жүректегі жараның орны бітеліп, қалаға тігін фабрикасына жұмысқа тұрдым. Үш жылдан кейін басқа жігітпен бас қостым. Бірақ ол некем де сәтсіз боп аяқталды. Қызғаншақ, қит етсе ұрыс шығарып, төпелей беретін күйеумен төрт жыл отасып, екі қыз тапқам. Ажырасқасын екі қызымды алдым да, Алматыға тартып кеттім. Қазір сонда тұрамын, саудамен айналысам. Жағдайым жақсы. Бірақ осы уаққа дейін сыныптастарыммен араласпаппын, үй алайын, екі қызымды аяққа тұрғызайын деп жүріп, 20, 30 жылдық кездесудің ешбіріне келмедім. Бір жағы Бағдатты да көргім келмеген шығар. Биыл енді Абдулла деген сыныптасым Алматыға арнайы іздеп келіп, шақыру қағазын тапсырғанда «бара алмаймын» деуге арым жібермеді. «Тойға келіп едім, саған арнайы жолығып кетейін дедім, қалусыз кел, бұдан кейін кездесу бола ма, кім бар, кім жоқ, белгісіз ғой» деп қиылғасын көңілін қалдыра алмадым. Осы басқосу мені алғашқы махаббатыммен қайта табыстырды. Қостанайда тұратын Бағдат та келген екен. Екеуміз 38 жылдан кейін кездесіп, баяғы жүректегі сезімнің әлі өшпегенін сездік. Әйелі қайтыс болып, бес жылдан бері жалғыз жүрген екен. Қостанайдағы полиция департаментінде әжептеуір қызметте істейтінін айтты. Сыныптастармен болған екі күндік басқосуда өткен-кеткеннің бәрін әңгіме етіп, шер тарқатып, ішімізді босатып алдық. «Кезінде бостық жасап, сенен айырылып қалғаныма өкінем» деп кешірім сұрады. Қазір Бағдат екеуміз күніне бес-алты мәрте телефонмен сөйлесіп, жағдай сұрасып тұрамыз. «Қайта қосылайық, екі жақтағы ренжулі адамдар ана дүниеге кетті ғой, бізге енді кім кедергі? Қостанайға көшіп кел, болмаса мен ауысып барайын» деп ұсыныс тастап жатыр. Бірақ мен құдаларымнан, күйеу балам мен екі қызымнан қылмыс жасап қойған адамша қысылып, бір шешімге келе алмай жүрмін. Жұрт дұрыс түсінбей қалса не болады, менің бұл шешіміме бауырларым, ағайын-туыс не айтады? «Өткен – өтті, енді өз қамыңды ойла» деп құрбыларым қояр емес...»