Қоғам

"Кешірмес едім": Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөзін сөйледі

Ол аса ауыр қылмысты жасыруға көмектеспек түгілі өзін де қорғамайтынын айтады.

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырсында қылмысты жасыру бойынша айыпталған Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөзін сөйледі, деп жазады KYN.KZ тілшісі. 

"Құрметті сот! Құрметті алқабилер алқасы! Жаңа айыптау актісінде менің айғақтарды жойып, қылмысты жасырып қалды деп жазылған. Мен әу бастан істің қалай болғанын айтып бердім. Ең маңызды сұрақ, мен Салтанаттың қасақана өлтірілгенін білдім ме? Мен ант етейін, бұл әрекеттің болғанынан хабарсыз едім. Білсем сол күнгі әрекеттің ешқайсысын істемес едім", - деген ол сол күні қылмысты жасырып жатқанын білмегенін айтты.

Аса ауыр қылмысты жасыруға көмектеспек түгілі өзін де қорғамас едім дейді ол.

"Өзімді кешірмес едім. Құрметті алқабилер алқасы! Соңғы шешім шығармас бұрын осы бір маңызды сұраққа жауап беруді сұраймын. Мен бұл қылмыстың болған білдім бе? Осы күндері Салтанатпен кездескен сәттерді еске алдым. Оның өмір сүруі мүмкін екенін, жақындарын мейірімі мен махаббатын бөлеп жүргенін ойладым. Ол өте шынайы әрі мейірімді адам еді. Бүгін Салтанаттың отбасы бастан кешкен қайғыны жеңілдету мүмкін емесін білемін. Мен жазамды өтеуге дайынмын. Тағы да Салтанаттың жақындары мен отбасынан кешірім сұраймын. Отбасына шын көңілден қайғырып көңіл айтамын. Салтанаттың жатқан жері жайлы болсын! Топырағы торқа болсын! Иманы саламат болсын!", - деді Бақытжан Байжанов.