Арулар

"Алған жарақаттан апталап үйден шыға алмай қалатынмын":дипломаттың әйелі тың деректер айтты

Карина Мамаш: отбасымды сақтау үшін 10 жыл шыдадым. Түсінгенім әрі қарай төзу мүмкін емес.

Күйеуімнен 10 жыл бойы жәбір көрдім деген Карина Мамаш елге оралды. Әйел екі баласы, әпкесімен Астанадағы дағдарыс орталықтарының біріне орналастырылды. Қазір Каринаға психологтар мен заңгерлер көмек көрсетіп жатыр. Ал, аты дауға қалған Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі қатысты іс қозғалды, деп жазды KYN.KZ  тілшісі Информбюроға сілтеме жасап.

Бұл, заңды некедегі жолдасынан 10 жыл бойы таяқ жеп келгенін айтып, Қазақстаннан көмек сұраған - Карина Мамаш. Айтуынша, еліміздің Араб әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болып қызмет еткен күйеуімен сүйіп қосылған. Дегенмен, отбасылық өмір басталғаннан кейін жарым ішімдікке салынып, жиі қол көтеретінді шығарды дейді. Күйеуінің ұрып-соғатынын біреуге айтуға қорыққан екен. Бірақ төзімім таусылды деген әйел жақын адамынан көрген қорлығымды ашық айтуды жөн көрдім деп отыр.

"Ішімдікке салынып, жиі қол көтерді. Қатты қызғанды. Ауыр соққыдан тіпті апталап далаға шыға алмай қалатын кездерім болды. Бұл жайтты анама, жақындарыма айта алмадым. Мені қорқытты, бопсалады. Отбасын сақтап қаламын деп ойладым. Бірақ, ол мүмкін емес екенін түсіндім. Мен оның енді тиісті жазасын алғанын қалаймын",-дейді Карина Мамаш.

Бүгінде Карина әпкесі және 2 баласымен Астанадағы "Қолдау" дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Қазір жарымнан жәбір көрдім деген әйелге психолог мамандар мен заңгерлер қызмет көрсетуде.

"Каринаның біздің орталыққа келгеніне 3 күн болды. Алғашында жағдайы өте нашар еді. Қазір бір қалыпты. Оған дәл қазіргі уақытта қолдау ауадай қажет. Біз оған барлық қызмет түрін көрсетеміз",-дейді "Қолдау" дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Бірікке Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі осы даудан кейін дереу елге қайтарылмақ. Ал құзырлы орган өкілдері аталған факт бойынша іс қозғады.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды",-деді  Астана қалалаық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қос құлынының болашағына алаңдаған Карина Мамаш енді күйеуінің заң алдында жауап бергенін қалайды. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш 10 жылдан бері күйеуінің соққысына шыдап келгенін айтып, қоғам белсенділерінен көмек сұраған болатын. Ол ел билігінен жолдасын қызметінен босатуды өтініп видеоүндеу жариялаған еді.