"Қалай темекі шекпейсің?": дипломаттың әйелі отбасылық өмірі мен көрген зорлықтарын айтты (видео)
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 мамыр, 2024
- 22.5k
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Республикасы төтенше және өкілетті елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш күйеуімен қалай танысқанын, отбасылық өмірі мен енесі жайлы айтып берді, деп жазады KYN.KZ тілшісі "Nukte" youtube жобасына сілтеме жасап.
TamariDZE-ге сұхбат берген Карина күйеуімен небәрі 15 жасында әлеуметтік желі арқылы танысқанын, жасы үлкен, ақыл тоқтатқан жігітті жақсы көре бастағанын айтады. Осылайша 2 жылдық қарым-қатынастары үйленуге дейін жетеді.
"17 жаста болатынмын. 2 күн қол ұстасып кездестік. 3-кездесуде ол мені алып кетті. Әрине анам таң қалды. Кейін оның дипломат екенін білді. Сол күні полиция бөлімшесінде "оның үлкен екенінен ұялмайсың ба?" сарынында сұрақ қойылды. Ал мен болсам 9 жасында әкесінен айрылған, әке махаббатына зәру қыз едім", - деген ол Сәкен Мамаштың да 3 жасында әкесіз қалғанын айтады.
Карина енесін өте қатты жақсы көретінін, танысқан күннен өзін ұнатқанын, 9 баласынан бүгінде 3 баласы ғана жер басып жүргенін, алайда енесінің де о дүниелік болғанын айтып, оған "мықты әйел" ескерткішін қою керек деді.
"Мен оны жақсы көрдім, қорықтым. Оның бір күшті көзқарасы болатын. Мен оны шомылдырдым, маникюр, педикюр жасадым.
Мен қазақша өте аз білетінмін. Ол тамақ ішпегенім үшін ұрысатын.
Бір күні Шымкентке тойға шақырды. Мен де жаңа түскен келінмін. Маған орамал тағып барасың деді. Ал мен шашыма прическа жасап, әдемі көйлекпен барғым келді. Ал Сәкен болса, "Жоқ, болмайды" деді. Бұны естіген анам "қалай қалайды солай барсын" деді. "Әйеліңді жылатпа. Оның көз жасы сені ешқайда жібермейді" деді", -деп ол көз жасына ерік берді.
Ал Брюссельде жүргенде енесі болмағанын айтқан ол, онда қатты соққы алғанын айтады.
"Басқалардың жанында басқа, менің жанымда мүлде басқа. Өзінің жақын достары арасында бетперде кимейді. Мені төмендетіп, балағаттай алады. Оның достары да әйелдеріне сондай қарым-қатынас жасайды. Ең сорақысы не білесіз бе? Бір күні оның досының әйеліне бәрін жайып салғам. Оның асылында қандай адам екенін, маған қалай зорлық зомбылық жасайтынын айтқанымда "Карина, сенің не айтқың келгенін түсініп тұрмын" деді. Олар үшін әйел жеке меншік дүние. Әйел бала туады, қалағанын істейді.
10 жыл бойы ұрып-соғып келді. Осы уақыт аралығында бір де бір рет кешірім сұрамады. Енді жұмысынан айрылатынын ойлағанда бірінші рет кешірім сұрады. Үнемі мені кінәлі қылды. Темекі шегеді деді, қалай шекпейсің мына жағдайдан кейін?", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш «НеМолчи» қорына көмек сұрап жүгінген. Әйелдің айтуынша, дипломат күйеуі оны үнемі ұрып-соғып, зорлаған. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі дипломатты БАӘ-ден кері шақырып алғанын хабарлады. Астана полициясы қылмыстық іс қозғады. Карина Мамаш әпкесі және балаларымен Қазақстанға оралды.