«Бишімбаев сияқты емеспін»: Талдықорғанда бұрынғы сүйіктісінің мойнын тілгілеген ер адам сотталды
Ер адам сотта кешірім сұрап, алайда өз кінәсін тек бұзақылық жасағаны үшін ғана мойындаған
Талдықорғанда бұрынғы сүйіктісінің мойнын тілгілеп, өлтірмек болған ер адам 11 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Немолчи" қорына сілтеме жасап.
Ол «Кісі өлтіруге оқталу» (99-бап) және «Бұзақылық» (293-бап) екі бап бойынша сотталды.
Айта кетсек, бойжеткеннің бұрынғы сүйіктісі оның жұмысына келіп, соққыға жыққан. Шабуыл жасап, пышақпен мойнын тілгілеген болатын.
«Айыпталушы кешірім сұрады. Сондай-ақ, «Мен өзгелер айтып жатқандай Бишімбаев сияқты емеспін» деп айтты. Өз кінәсін тек бұзақылық жасау ісі бойынша мойындады. Қызды жақсы көргені соншалық, оның мойнын тілгілеген», - дейді Дина Таңсәрі жазбасында.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.