"Балаларыммен зиратты паналадық": Көпбалалы ана күйеуінен көрген қорлығын баяндады
Көпбалалы ана күйеуінен көрген азабы туралы ешкімге тіс жармай келген
Ұзақ жылдар бойы күйеуінің соққысына төзіп келген Гүлмира көрген қорлығын баяндап берді. Бұл туралы ол “Қорғау Астана” қорына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
“Күйеуіммен 20 жыл тұрмыста болдым. Осы жылдар бойы азап көріп келдім. Бірақ төркініме де, ешкімге оны айтқан емеспін. Алты бала-шағамыз бар. Күйеуім түзеліп, адам болып кетер деп жүрдім. Бірақ бұл дұрыс емес екен. Соған менің көзім жетті. Балаларыммен қашып, мазарға қонған күнім болды. Басымнан өткен қиын күндерді есіме алғым келмейді. Мені ішіп алып ұратын. Қолымды, омыртқамды сындырды», – дейді Гүлмира.
Ұрып-соғуынан бөлек 20 жыл отасқан жұбайы үйге басқа қыз-келіншектерді ертіп әкелетін де болған екен.
«Менің анада қатыным бар, мынада қатыным бар, үйді босат» дейтін. Сонда да «бала-шағамды жетім қылмайын» деп жүрдім. Көп жұмыс істедім. Ол да жұмыс істеп келетін. Өзі де жүргеннен кейін мені де солай ойлайтын. «Сені жезөкше қыламын» дейтін. Мұрнымды да сындырды, бәріне көндім”, - дейді әйел.
Гүлмира күйеуінен көрген қорлығы туралы полицияға айтып, талай барған. Алайда олар “6 балаңа бәрібір ме?” деп кері қайтарып отырған.
“Күйеуім маған «бұл жердегі полицейлердің ешқайсысына арыз жаза алмайсың, оның бәрін мен өзім тағайындап алғанмын» деді. Ешкімге сөзім өтпейтінін білдім”, - дейді Гүлмира.
Айта кетсек, Гүлмира «Хабар» арнасындағы «Бірақ...» бағдарламасына шығып, қоғамдық резонанс тудырған болатын. Бұл шығарылым көптің ашуына тиген.