«Балалардың көзінше тепкіледі»: әкімнің экс- әйелі күйеуінің озбырлығын айтып, мемлекттен көмек сұрады (ВИДЕО)
Күйеуі бірге тұрған 11 жылдың ішінде әйелді үнемі балалардың көзінше ұрып-соғып, азаптаған.
Атырау қаласының тұрғыны Ақмарат Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтен 11 жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін айтты. Бұл туралы видео YEDILOV ONLINE Telegram-арнасында жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әйелдің айтуынша, оның бұрынғы күйеуі Ринат Ибрагимов қазір Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарады. Бұрын спортшы болған, Олимпиада ойындарына қатысқан.
«2021 жылы түнгі сағат төртте Ринат Ибрагимов мас күйінде мені балаларымның көз алдында ұрып, бетімді жарды. Осыдан кейін мен жедел жәрдем, полиция шақырдым. Бірақ ол балаларымыз үшін арызымды кері алуымды және өзін кешіруді өтінді. Сөйтіп мен шағымданудан бас тартуға мәжбүр болдым. Дәл осындай оқиға 2023 жылы 31 мамырда қайталанды. Ринат Ибрагимов тағы да балалардың көзінше мені тепкілеп, ұрды. Оған қоса мені мүгедек ететін айтты. Алған жарақаттан мен бір ай бойы жүре алмадым. Осы уақыт аралығында Ринат Ибрагимов қызметін пайдаланып, балаларымды менен заңсыз тартып алды», - деп мәлімдеді Ақмарал Үмбетқалиева.
Айтуынша, бұрынғы күйеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-тармағы «Кінәліге материалдық жағынан тәуелді тұлғаға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ еш шара қабылданбапты.
«Осы уақытқа дейін Ринат Ибрагимовқа қатысты оны ұстау, қылмыстық жаза бойынша, қызметінен шеттету бойынша ешқандай шара қабылданған жоқ. Сол себепті мен сіздерден, мемлекеттен балаларымды қайтаруға, кінәліні жазалауға және әділетті шешімге қол жетекізуге көмектесуді сұраймын. Мен күресіп әбден шаршадым», - дейді әйел.